«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табысты бизнес бастауында

2016 жылғы 14 Желтоқсан
- Шығыс Қазақстан облысы
9308 просмотров

Өскеменнің жоғары және орта білім беретін оқу орындарының 19 студенті болашақта табысты бизнес бастау үшін «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебіне (ЖКМ) келді

Естеріңізде болса, осы жылдың қазан айында Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен балалар және жасөспірімдер кітапханасында жас кәсіпкерлер мектебі ашылған еді. Алғашқы тыңдаушыларға жобаның авторы және жетекшілері – балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Күлзада Қаршалова мен Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Әбілова өз тілектерін арнаған.

Өскемендік жас әрі білікті дизайнер, «Сарафан» арт-студиясының көркемдік жетекшісі Анастасия Науменконың сырт киімдер топтамасы аталған шараның көрігін қыздырды. Ол студенттермен жеке іс ашу жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.

Бизнес бастағанда алғашқы қадамдар қандай болуы керек? Бұл жөнінде ЖКМ қатысушылары «Іскерлік әлеует» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Прыгова  өткізген «Идеяны таңдау. Өз бизнесіңді тап» тренингінде білді.

ЖКМ-нің 28  қазанда өткізген екінші кездесуі отбасылық бизнес пен гендерлік теңдік тақырыбына арналды. Айта кетерлігі, аталған тақырып қатысушылар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Осылайша, отбасылық бизнес тақырыбын «Бақытты отбасы халықаралық институты» қоғамдық білестігінің төрайымы Ольга Иванова тарқатты. Ол өз баяндамасында, бұл тақырыпты өз бизнесін мысалға келтіре отырып түсіндіруге тырысты.

ЖКМ мақсаттарының бірі жастар әлеуетін ашу болып табылады. Сол себепті, тәжірибелі Ольга Иванова аудиторияға ең алдымен, адам әлеуетін ашуға бағытталған бірнеше тесттерді орындау туралы ұсыныс білдірді. Кездесудің екінші жартысы қоғамдағы гендерлік теңдік тақырыбына арналды. Осылайша, «Status» әйелдер қауымдастығының төрайымы Светлана Коптева аталған тақырып төңірегінде дәріс оқыды. Мемлекеттік гендерлік саясат турасындағы базалық құжаттарға сүйенген ол, қоғамдағы діни және этникалық жікке байланысты қоғамдық пікірдің қалыптасуы жөнінде және тағы басқа тақырыптар аясында әңгіме өрбітті.  Өзекті болып саналатын тақырыптарға қосымша ретінде бейнекөрсетілім ұйымдастырылып, тәлімгерлер қатысушылардың барлық сауалдарына тұшымды жауап қайтарды. Осыған орай, аудиторияда іскерлік шығармашылық ортасы қалыптасып, қатысушылар дәріске белсенді түрде қатысты.

4 қарашада ЖКМ-нің төртінші кездесуі өткен еді. Онда «Бизнес-жоспар – бизнесті басқару тетігі», «Өзара сыйластық – кәсіпкерлік негізі. Кәсіпкерлердің міндеттері мен құқықтарын айқындау» тақырыптары көтерілді. Бизнес-жоспарды қалай әзірлеген дұрыс, жоспарды құруда нені ескерген абзал, аталған құжатты даярлау барысында кімнің көмегіне жүгіну керек – осы және басқа да сауалдарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кеңесшісі Зарина Молдыбаева жауап іздеді.

Кездесудің екінші жартысы өндірушілердің, тауар сатушылар және қызмет көрсетушілердің міндеттері мен құқықтарын түсіндіруге арналды.  Қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мамандары өз баяндамаларында Кәсіпкерлік кодексі мен «Мемлекеттік қызметтер стандарты» заңдарына сүйенді. ЖКМ бітіргеннен кейін өз ісін ашуға ниетті қатысушылар, аталған кездесуде өз сауалдарын қойып, соған сәйкес жауап ала алды.

11 қарашада өткен ЖКМ-нің төртінші кездесуінде студенттерге ШҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тәлімгері Талғат Қасенов дәріс оқыды. Ол өз кезегінде, бизнесті ғаламтор арқылы дамытудың мол мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның ішінде, сайт ашу және оның өнім мен қызметті нарықта сатудағы  маңызы туралы ой қозғады.

«Авангард плюс» ЖКМ-нің оқу бағдарламасы әлі де жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, курс бағдарламасы екі айға жасалған, ол теориялық және тәжірибелік сабақтардан тұрады. Идея таңдау және бизнес ашу, мемлекеттік сатып алулар мен IT-технологиялар тақырыбы төңірегіндегі дәрістер курсын жоғары білікті мамандар жүргізеді. Мектепті тәмамдаған соң, алған білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып өз ісін ашқысы келетін жас кәсіпкерлерге, Іскер әйелдер кеңесі бизнесті сүйемелдеуде көмек көрсетуге әзір екендіктерін жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер