«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іле ауданында Кәсіпкерлер күні аталып өтті

2016 жылғы 13 Желтоқсан
- Жетісу облысы
9768 просмотров

Аудандағы бизнес-қауымдастық атқарған жұмысты қорытындылады

Міне, 9 жыл қатарынан Іле ауданының бизнес-қауымдастығы желтоқсан айының бірінші жұмасы күні Кәсіпкерлер күнін атап өтіп келеді. Жыл сайын дәл сол күні Іле ауданының кәсіпкерлер қауымдастығы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауданның бизнес-климатына баға береді, серіктестері мен бизнесмендерді марапаттап, алдағы жоспарларымен бөліседі. Өткен аптада Өтеген батыр кентінде Кәсіпкерлер күні қарсаңында ауқымды шара өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Кәсіпкерлер қауымдастығының 15 жылдығына арналды. Кездесуге Іле ауданы әкімінің орынбасары Серікжан Ерекешев, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«2007 жылы шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланды, көптеген тексеруші ұйымдар бұл кәсіпорындардың сапасына кері әсер етеді деп алаңдады. Біз тексерулер үшін емес, қызмет көрсету сапасы үшін жұмыс істейтіндігімізді көрсетуге тырыстық. Сондықтан бөлшектеп сатумен айналысатын кәсіпорындар арасында байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. Байқау шартын әзірлеп, аудандық газетке жарияладық, кәсіпкерлердің арасынан комиссия құрдық. Байқауға дайындық процесі әр округтегі өз округінің намысы үшін барын салатын көшбасшыларды анықтап берді. Осы шарадан кейін кәсіпкерлер желтоқсан айының бірінші жұмасы күні аудандық көлемде өз мейрамдарын – Кәсіпкерлер күнін ұйымдастыру туралы бастама көтерді», – дейді Іле ауданының Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Жанна Телпекбаева.

Кездесуде Қауымдастықтың алғашқы президенті Ғайни Сәдуақасованың құттықтау сөзі оқылды. Онда бірлестіктің 15 жыл ішінде басты мақсатқа қол жеткізгені, бүгінде бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды белсенді түрде жалғастырып келе жатқандығы айтылған. «Қауымдастық бір-біріне білім берумен, тәжірибе алмасумен, жаңа идеялармен көмектесетін, пікірлес адамдарды біріктіретін ұйымға айналды. Шағын кәсіпкерлер өздерінің ұйымы бар екенін біліп жүреді», – делінген құттықтауда.

Қауымдастықтың міндеті – кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету, қолданыстағы заңнаманың ережелерін түсіндіру, өзгерістер туралы дер кезінде хабардар ету, кәсіпкерлік мәселелері бойынша білім беру. Бүгінде аталған бірлестікке аудандағы барлық ауылдар мен округтердің кәсіпкерлері мүше, сол арқылы ауданның барлық кәсіпкерлік қауымдастығы қамтылған.

«Біздің алғашқы курсымыз «Сізге тексеруші келді» деп аталды. Оны ұйымдастыруға Қазақстан кәсіпкерлері форумы көмектесті, олар материалдар топтамасы мен алғашқы дәріскерлерін жіберді. Бұл курсты біз бірнеше рет өткіздік, өйткені бұл тақырып барлығын толғандырады екен. Кейін білім беру процесіміз кеңейе түсті. Кәсіпкерлерді ауданның мемлекеттік қызмет басшылары мен мамандары оқыта бастады. Оқыту семинарлары жүйелене түсіп, нақты бір күн белгіленді – айдың соңғы жұмасы, бұл кесте 15 жылдан бері келе жатыр. Негізінде, семинарлар сұхбаттасу алаңына айналды, онда кәсіпкерлерді ғана тыңдап қоймайды, мемлекеттік қызметтің басшылары да кәсіпкерлерге қатысты ескертулерін айтады», – деп атап өтті Қауымдастық басшысы Жанна Телпекбаева. Қауымдастық жұмыс істеп келе жатқан жылдар ішінде кәсіпкерлердің көптеген түйіткілді мәселелерін шешуге көмектесіп, көркемдік ұжымдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және басқа да қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын беріп келеді.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ерекешев бірлестіктің бизнес-қауымдастықты топтастырудағы маңызды рөлін атап өтіп, Қауымдастық қызметіне табыс тіледі.

Кездесуде Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасымен бірге атқарылған жұмыстар туралы сөз болды. Қауымдастықтың мүшелері Өңірлік кеңес пен Кәсіпкерлердің аудандық кеңесіне кіреді. Сондай-ақ Іле ауданының кәсіпкерлер қауымдастығы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының аккредиттелген қауымдастығы саналады.

Шара соңында Іле ауданының кәсіпкерлер қауымдастығы белсенді әріптестік орнатқаны үшін жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдарға алғысын білдіріп, аудан әкімі Қыдыркелді Медеуовке, кәсіпкерлік бөлімінің басшылығына, мемлекеттік кірістер департаментіне, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөліміне, 3 селолық округ әкіміне және стратегиялық әріптесі – прокуратураға Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ Қауымдастықтың 200 мүшесі мақтау қағазымен марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер