«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Айыпты қалай өзін жазаламақ?

2016 жылғы 12 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
7426 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алудан шеттетілген жергілікті компаниялардың мүддесін қорғады 

Мемлекеттік сатып алудан шеттетілген «CONDOR KZ» ЖШС мен өзге де бірқатар компаниялар Кәсіпкерлер палатасына құқықтарын қорғауды сұрап шағым түсірді.

ЖШС «Көп пәтерлі тұрғын үйді қалыпқа келтіру жұмыстары» бойынша лотқа өтініш береді, оның ұйымдастырушысы – Жамбыл облысы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары құрылысы басқармасы. Бірақ бұл компанияның да, өзге төрт компанияның да өтініші кері қайтарылады, қатысуға рұқсатты бір  ғана компания алады, бір қызығы өз қызметіне ең жоғарғы бағаны ұсынған компания ұтып кетеді. Олар басқа компанияларды байқауға осы саладағы жұмыс өтілін көрсетпегендіктен қатыстырмадық деп ақталады. Дегенмен, ұйымдастырушы байқау құжаттарындағы талапта біліктілік тәжірибесі туралы сұрамаған, яғни талаптың өзі орынсыз болып тұр.

«Бұл шағым бойынша кәсіпкерлер құқын қорғайтын жедел топ бастама көтеріп, байқау өткізудің заңдылығын тексеруді сұрайды, соның нәтижесі бойынша Жамбыл облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтағандай, Мемлекеттік сатып алу ережесінің 150-тармағы бойынша заңбұзушылық орын алып, соны жою үшін ұйымдастырушыға хабарлама жіберілді, – дейді Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов. – Бұл құқықбұзушылыққа мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы наразылық білдіріп, жоғары органға – ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне шағымданды».

Наразылық мазмұны мынаған саяды: хатшы байқау құжатында жұмыс өтілін көрсету талабын жазуды ұмыт қалдырған, өйткені мемлекеттік сатып алу көлемі тым ауқымды болғандықтан, байқау құжаттарын бекіткен жауапты қызметкер оны байқамай қалыпты, бұл құқықбұзушылықтар байқаудың нәтижесіне және бюджеттік қаржыны қалай жұмсайтындығына әсер етпейді деп ойлаған.

ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті бұл наразылыққа оң қорытынды берген.

«Мемлекеттік сатып алудың бөлінген қаржыны тиімді әрі оңтайлы жұмсау, мемлекеттік сатып алу үдерісіне қатысуға әлеуеті бірдей жеткізушілерге бірдей мүмкіндік беру, байқауға қатысқысы келген жеткізушілер арасында шынайы бәсекелестік орнату, жалпы мемлекеттік сатып алу үдерісін ашық және шынайы өту сияқты басты ұстанымдары бұзылған. Байқауды жеңіп алған компания ең жоғары бағаны көрсеткен, өзгелер ұсынғаннан гөрі әлдеқайда қымбат, шамамен 40 миллион теңгеге қымбат! – дейді Қайрат Сыдықов. – Осыған қарамастан ҚР Қаржы министрлігі наразылыққа оң қорытынды берген. Олар заңнамада байқау құжатында жұмыс өтілін көрсету міндеттелмеген деген сылтауды айтады, ал Жамбыл облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаментіндегі хабарламада бұл талап заңда бар екендігі нақты көрсетілген».

Осыдан кейін Кәсіпкерлер палатасының көмегімен «CONDOR KZ» ЖШС сотқа шағым түсіріп, келісімшарттарды тоқтатуды сұрайды. Жамбыл облысының арнайы ауданаралық экономикалық соты бұл шағымды қанағаттандырмады.

Соттың айтуынша, бұл келісімшартты бұзуға заң жүзінде еш негіз табылмағандықтан, арыз кері қайтарылған.

Осыдан кейін барып Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҚР ҰКП-дан мәселеге ықпал етуді сұрайды.

ҚР Қаржы министрлігі жіберген ресми жауап барлық мәселеге нүкте қойды.

«Әлеуетті жеткізушілердің құқығын қайта қалпына келтіру мақсатында Комитеттің тапсыруымен Жамбыл облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудит жүргізіп, байқау нәтижесінде мемлекеттік сатып алу кезінде орын алған құқықбұзушылықтар анықталды: «Темір байлық» ЖШС, «Condor KZ» ЖШС, «Жаңатас Құрылыс Сервис» ЖШС, «АлматыТехПромСтрой» ЖШС, «Базис ДорСтрой» ЖШС-ның байқаудан заңсыз шеттетілгені және «УМИРЗАК» ЖШС-ның оған заңсыз қатыстырылғаны мәлім болды. Басқармаға заңбұзушылықтарды жоюға тапсырма берілді. Одан бөлек, өз лауазымын шектен тыс пайдалану салдарынан сапасы сын көтермейтін наразылық жазғаны үшін Комитеттің тәуекел  басқармасының сарапшысы Б.Е.Асқаров тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс алды. Бүгінгі таңда Министрлік Комитеттің мемлекеттік аудит нысандарының наразылық шағымдарына берген қорытындыларына сараптама жасап жатыр», – делінген министрліктің ҚР «Атамекен» ҰКП-ға жіберген ресми жауабында.

Жамбыл облысы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары құрылысы басқармасы байқаудан бөлінген бюджеттік қаржының 80%-ын жұмсап үлгерген және жұмсаған қаржысы тиімсіз игерілгені анықталды, сонда ұйымдастырушы ретінде өзі жол берген құқықбұзушылықтарды бұл басқарма енді қалай реттемек? 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер