«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кез келген ғылыми жоба өндірісте іске асуы керек

2016 жылғы 08 Желтоқсан
10846 просмотров

Бизнеске жаңа технологияларды енгізіп, жаңа ғылыми жобаларды ұтымды пайдалану шарт

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының кеңейтілген отырысында бизнесті жан-жақты дамыту жолында ғылымның рөлі мен маңыздылығы сөз болды.

Бизнес пен ғылымды ұштастыруға қатысты пікірлерін кәсіпкерлер де ортаға салды. «Аlageum Goup» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрағасы Сайдолла Қожабаевтың айтуынша, кәсіпорынның экспорттағы үлесі 40%-ға тең, олар бұл көрсеткішті 50-60%-ға өсірмек. Ал бұл көрсеткішке жету үшін компанияға тың технологияларды енгізіп, жаңа ғылыми жобаларды ұтымды пайдалану шарт.

«Негізгі сыртқы нарығымыз Орта Азия мемлекеттері мен Ресей Федерациясы. Тек Ресейге бағытталған Орал трансформаторлық зауытын іске қостық. Өнімнің 96%-ын Ресейге саттық, алайда көршілес елдің нарығына кіру өте қиын. Даму институттары арқылы мемлекеттің қолдауы арқасында бұл мәселелерді шешіп келеміз, бірақ үнемі тек осындай қолдауға тәуелді болып отыру дұрыс емес. Бізге сұранысқа ие ғылыми жобалар жетіспейді», – деді Сайдолла Қожабеков.

Кәсіпкердің айтуынша, сыртқы нарыққа жаппай шығу үшін ғылымды өндіріске сәйкестендіріп, тек қажет жобаларды қаржыландыру керек. Алайда бизнес инновациялық зерттеулер жүргізуге қауқарсыз, сондықтан да  мемлекет тарапынан қаржыландыру арқылы жүзеге асады.

«Ең дұрысы бизнеске қажетті ғылыми жобаларды ғана айшықтап, соларға ден қою керек. Сонда ғана өзге елдерге тәуелді болмай технологияларды өзіміз өндіріске енгізіп, өндіріп, бәсекеге төзімді тауарды экспортқа шығара аламыз. Ғылым саласында біраз қиындықтар бар, айтар болсақ, 2 ай бұрын компаниямыз Дүниежүзі банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобалалары бойынша гранттық конкурсқа қатысты. Өкіншіке орай бізді қабылдамады. Қаржының тапшылығына байланысты негізгі ғылыми жобалаларды емес, қолданбалы жобаларды  қаржыландыру керек, сонда нақты нәтиже болады», – деді Сайдолла Қожабеков.

Сондай-ақ, компаниялар жарты шығындарын өтеуге дайын ғылыми жобалар мемлекет тарапынан қаржыланып, техникалық оқу орындары мен өндіріс арасында байланыс қажет екендігіне тоқтала отырып, кәсіпкер ұсынысын білдірді.

Мемелекет жыл сайын мыңдаған ғылыми-зерттеу жұмыстарына қыруар ақша бөледі. Түрлі салалар бойынша ғылыми зерттеулерге қаржыландырылуда. Ғылыми жобалар зерттеліп, жазылып, қорғалып жатыр, алайда олар шын мәнінде өндірістерге жетпейді, іске аспайды. Демек ғылым мен өндіріс арасында байланыс жоқ. Бұл турасында мән-жайды ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев түсінідіріп өтті.

«Ғылымды қаржыландыру бойынша  негізгі үш бағыт бар. Біріншісі –дәстүрлі қаржыландыру, яғни жоғары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру арқылы гранттар бөлінеді. Ол гранттарды ұлттық ғылыми кеңестер таратады. Бұл бағытта бөлінетін грантқа өндіріс қатыспайтыны рас, және мұнда  министрлік тек әкімшілік мәселелермен айналысады. Бұл қаржыландыру жолы кәсіпкерлерге келмейді , сондықтан да кәсіпорандардың қатысуымен қаржыландыруды көздейтін заң қабылданып, ғылымды қаржыландырудың екінші бағыты пайда болды. Мемлекет кәсіпорынмен бірге жобаларды ортақ қаржыландырады. Кәсіпорын жобаның неғұрлым көп бөлігін қаржыландырса, мемлекеттен алынатын көмек соғұрлым қол жетімді болады», – деді Ерлан Сағадиев.

ҚР Білім және ғылым министрінің айтуынша, бүгінде  осы бағытта 770 жоба қаралып, олардың барлығын бірлесіп қаржыландыру арқылы шешімін тапты. Қаржыландырудың үшінші бағыты халықаралық ұйымдармен жүзеге асырылады. Алайда қаржыландыру шетелдіктер тарапынан орындалатынын ескерсек, шетел сарапшыларына талап  қоя алмаймыз.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес пен ғылымды ұштастыра дамытуға қатысты айтылған пікірлерге қолдау танытып, тек қажетті ғылыми жобаларды назарға алуды тапсырды.

Ғылымды бизнеске икемдеу бір жылдың шаруасы емес. Бұл стратегиялық бастама мемлекет пен бизнес өкілдерінің ортақ шешімі арқылы жүзеге асады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы екі тарапқа да оңтайлы кеңес алаңын құруға қашанда дайын. Ғылымды бизнеске қарай оңтайландыру инновациялық технологияларды қамтамасыз етіп қана қоймай, қазынадағы қаржының тиімді әрі үнемді пайдаланудың жолы болмақ.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер