Электромобильді әлі-ақ әркім мінетін болады
«AllurGroup» автокөлік компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев электромобильдер Қазақстанда да басқа елдердегідей сияқты қарапайым автокөліктерге қарағанда анағұрлым танымал көлікке айнала алатынын мәлімдеді
Palata.kz сайтының тілшісімен болған сұхбатта «AllurGroup» басшысы табысқа қалай жетуге болатынын айтып берді.
– Андрей Сергейұлы, 2016 жыл аяқталуға жақын, қазір аралық қорытынды жасалып жатыр. Бізге «AllurGroup» компаниясының қандай жетістіктерін хабарлай аласыз?
– Әзірге еш ақпарат жоқ.
– Жақсы, ал компаниялар тобының барлық стратегиялық жоспарын іске асыру мүмкін болды ма?
– Жоқ, яғни бәрі емес. Біз өзімізге тағы бірнеше бренд қосып алмақпыз. Осы жөнінде біз біраз келіссөз, соның ішінде қытайлық серіктестермен үлкен бір жоба жөнінде келіссөз жүргіздік. Келіссөздер әлі жалғасып жатыр.
– ҚХР-мен қандай автобренд туралы сөз қозғалуда?
– Әзірге айта алмаймын. Біз қытайлық емес, құны 9 мың доллардан аспайтын лоу-кост сегментінің тағы бір брендін күтіп отырмыз. Келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін аяқталып қалар деп үміттенеміз. Өйткені нақты автоөнеркәсіпке қатысты жеңілдетілген несие мерзімін ұзарту мүмкіндіктері аяқталуға шақ қалды. Келіссөздер жүргізілді. Келер жылы біз жеңілдік бағдарламасы қосымша қаржыландырылады деген үміттеміз. Сатып алушылар автокөлікті несиеге де, лизингке де алудың көптеген мүмкіндіктеріне ие болады. Біз Үкіметтен қолдау табамыз.
– Сіздердің қытайлық тараппен біріге жүзеге асыратын автокөлік саласының көкжиегі жөнінде сөз етсек. Қазақстанда FAW жеңіл автокөлігін құрастыру мәселесі қолға алынатын болар. Баспасөз туры аясында жақында өзім FAW зауытына барған едім. Зауыт өкілдері Қазақстанда серіктес іздеу жұмыстары басталғаны туралы хабарлады. FAW топ-менеджерлері бірлескен кәсіпорындарды ашу үшін кәдімгідей өміршең жоспарлар құрып отыр. Зауыттың жыл сайын артып келе жатқан ауқымы да, әрине,көңілге қонымды.
– Анығырақ айтсақ, алдағы 5-10 жыл ішінде. Ал біз 5-10 жылдан төмен стратегия жасай алмаймыз. Қытай брендтері басым түседі деп есептеймін. Өйткені ҚХР-да өнім көлемі 27 млн автокөлікке жеткен.
– FAW өкілдері Қазақстан-Қытай конвейері жыл сайын кемінде 5 мың жеңіл автокөлік шығарады деп отыр. Сіздің ойыңызша, мұншалықты сатып алушылар Қазақстанда табыла ма?
– Анығын айтсақ, қазір бізде әртүрлі себептерге байланысты нарықта аздаған қиындық болып тұр. Біз ең үлкен дағдарыс кезеңі өтті деп үміттенеміз. Келесі жылы қандай да бір жылымық болады деп сенеміз. Нақты бір қолайлы баға ұсынуымыз керек. Себебі, қытай автокөліктерінің сапасы нашар деген секілді сын айтатын кезең өтті. Оларды пайдаланып көргенбіз. Оған қатысты тәжірибе жоқ емес. Бұл бойынша көп жұмыс атқару керек, маркетингке көп ақша салу қажет. Бұл дегеніміз аса күрделі инвестициялық мәселе. Біздің сатып алушыларымыз әлі де болса қытай автокөлігін алуда белсенділік танытпай отыр.
– Қытай автобрендтерінің ұтатын тұсы неде, қазақстандық сатып алушыларды несімен қызықтыра алады?
– Ұтатын тұсы – бұл бағасы, сонымен бірге сапасы. Қытайлық автоөндірушілер дилерлік желінің, маркетингтің, жарнаманың дамуына көп қаржы салады. Олар нарықты сатып алу керектігін және оған ақша шығындау қажеттігін жақсы біледі. Осыған қатысты еуропалықтар біраздан бері ақша жұмсағылары келмейді, олармен келіссөздер жүргізу қиын. Жапондарда белгілі бір орын бар. Корейлер бес-жеті жыл бұрын біздің нарықты жаулап алғысы келген. Алайда, ақыр соңында өздерінің маркетингтік әдістерін басқа елдерге бағыттады. Олар біздің нарығымызды күрделі деп бағалап отыр. Бос жерлерді немесе өз жұмысын тоқтатқан компаниялардың орнын біз дәл осы қытай автоөндірушілерімен толтырғанымыз жөн.
– Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПромда» электромобильдер шығарылуда. Қалай ойлайсыз, бұл бағыт сіздің кәсіпорныңыз үшін тұрақты бола ала ма, қазақстандықтардың электромобильдерге деген тұрақты әрі төлемге қабілетті сұранысын қалыптасыра ала ма?
– Қайткен күнде де, электромобильдерді шығарудың бірінші кезеңі субсидиялану қажет. Өйткені, шынтуайтында, біз жанармай тұтыну көлемін азайту арқылы ұтамыз. Бізде жанармай бағасы нарықтық баға емес. Неғұрлым электрлік автокөліктер көп болған сайын, соғұрлым үкіметтің жанар-жағармай сатып алуы төмендейді, бұл сөзсіз. Біз экономика тұрғысында электромобильдерді субсидиялаудың қаншалықты пайдалы екенін түсіндіретін бағдарламалармен жұмыс істеп жатырмыз. Әрбір автокөлікті субсибиялау көп ретте тек экология мәселелерімен ғана байланысты емес, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан да өзін-өзі ақтайды.
– Баға мәселесі, яғни сіздер бюджеттен қандай көлемде субсидия күтіп отырсыздар?
– Қазақстанға әкелген және бақылаудан өткізіп жатқан (олар біздің аяздарға жақсы төтеп береді) электрқуаттағыш арқылы жүретін қытай автокөлігінің бағасы аудандарда жобамен 25 мың доллар тұрады. Әңгіме әр автокөлікті 8-10 мың доллар көлемінде субсидиялау туралы болып отыр. Бұл машиналар нарықта айтарлықтай белсенді сатылуы үшін, бензинмен жүретін автокөліктермен бәсекеге қабілетті болуы үшін, оның бағасы да шамалас болуы тиіс. Сонымен бірге, егер жанармайға кететін шығын мен біздегі жаһандық мәселелерді есепке алсақ, бұл баға өзін-өзі ақтайды, сеніңіздер. Өйткені машинаны тек бір мезетте емес, белгілі бір уақытқа, яғни бес жылға алады. Яғни, бұл автокөлікті ел пайдаланып жатыр. Шын мәнінде онда экономика бар. Біз қазір есеп-қисап жүргізіп жатырмыз және де айтарлықтай үлкен бағдарлама ұсынатын боламыз.
– Алайда Қазақстан электромобильдерге арналған инфрақұрылымымен мақтана алмайды.
– Шын мәнінде электромобильдердің барлығында ұзын желі арқылы қуатталатын, шамға ұқсайтын өз портативті қуаттағышы бар. Оның тұтыну көлемі жоғары емес. Электромобильді кәдімгі үйде де қуаттауға мүмкіндік бар. Көше инфрақұрылымдарына келетін болсақ, оны дамыту үшін жұмыс істеуге тура келеді. Оған қосымша қаражат кетеді. Алайда үлкен көлемді өндіріс туралы айтар болсақ, егер бұл анық нақты мемлекеттік бағдарлама болса, онда өзін ақтайды деп есептеймін. Жанар-жағармай, мұнай тұтынымының, жалпы ресурстар тұрғысынан алғанда, шамамен алдағы 10-15 жылда азаю үрдісі байқалып отыр. Біз қалайда көбірек сату жөнінде ойлануымыз керек. Біз электромобильдерді жаппай қолдануға көшкен алғашқы елдердің бірі бола алар едік. Бұл әлемдік үрдіс, бәрібір осыған келеміз. Алайда біз алғашқылардың бірі бола аламыз және осыған байланысты инфрақұрылым да, қуаттау бекеттерін де, жаңа автоөнеркәсіпті қалыптастыруымыз керек. Бұл жобаның келешегі зор деп ойлаймын және біз сол жөнінде жұмыс атқарып келеміз.
–Электромобильдерді жарнамалауға ұзақ уақыт кететініне келісетін шығарсыз. Себебі, қазақстандықтардың менталитеті сондай. Олардың көбі электромобильдердің орнына «мерседес», «лексус», жол талғамайтын биік көліктер мінгенді қалайды.
–Десе де, сән әлемінің қозғаушыкүші – жастар. Шын мәнінде, бұл үрдіс уақыт өте келе өзгеріп келеді. Иә, біздегі 50-ден асқан жүргізушілердің көзқарасын өзгерту қиынға соғуы мүмкін. Бірақ, біз қазір көлік нарығында өзгерістер орын алғанын байқап отырмыз. Сондықтан, бұл тұста бізді қолдайтындар табылады деп сенеміз. Электромобильдер өте ыңғайлы. Ал ыңғайлы дүниенің барлығы әрдайым әлемдік трендке айналады. Біз ойлағанымыз іске асады деп үміттенеміз.
Жанар Сердалина
Пікір қалдыру:
Пікірлер: