«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өз кәсібіңді дұрыс таңдай біл

2016 жылғы 08 Желтоқсан
- Жетісу облысы
8698 просмотров

Белгілі кәсіпкерлер оқушыларға арнап шеберлік сабақ өткізді

Алматы облысының оқу орындарында кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Осыған байланысты Балқаш ауданындағы «Өтес» күріш зауытында оқушыларға арнап саяхат ұйымдастырылды. Кәсіпорын 2003 жылы іске қосылған. Бүгінгі күнде өңірді сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Кешен неміс технологиясы бойынша жұмыс істейді. Тәулігіне 30 тоннадан астам күріш өңделеді. Ал жекеменшік зертханада шикізат пен дайын өнімге сараптама жасалады. Осы және өзге де мәліметтерді зауыт мамандары айтып берді.

«Мысалы, бұл аппарат сағатына 3 тонна өнім өндіреді. Барлығы автоматтандырылған. Өңдеу тәртібі мен сапасын біздің технологтарымыз бақылап отыр. Шикізатты біз өзіміз өндіреміз. Бізде 2 мың гектар жер телімі бар. Жыл сайын біз сол жерде күріш өсіріп, орташа есеппен 6 мың тонна өнім аламыз», – деді «Өтес» маманы Ернар Дәулетхан.

Әңгіме барысында Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бөріхан Әбдібаев балалармен әңгімелесе келе, ауданда тапшы мамандықтарға тоқталды.

«Балқаш ауданы негізінен күріш өсіру мен оны өңдеуге ыңғайлы. Шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарға жас агрономдар мен инженерлер өте керек. Білім беру саласына келер болсақ, онда математика және физика мұғалімдері ауадай қажет. Сондықтан да сіздердің әлі де болса нақты шешім қабылдауға және дұрыс мамандық таңдауға уақыттарыңыз бар», – деді Бөріхан Әбдібаев.

Ал Панфилов ауданында студенттер атақты әрі табысты кәсіпкерлермен жүздесті. Дөңгелек үстел Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі қабырғасында өтті. Айта кетейік, осы колледжде алғашқы кәсіби бағыт-бағдар беру кабинеті ашылған болатын. Бизнес пен өзара тиімді ынтымақтастық дуальды білім беруді дамытуға ықпал етеді. Кездесуде болашақ мамандарға кәсіпкерлік саласындағы жетістіктер және қиындықтар туралы Өңірлік кеңес мүшесі, «Ирада-Балық» ЖШС директоры Суриям Изимова, кәсіпкер Күлғайша Бердіғұлова, «Қамқорлық» ЖШС директоры Әлен Жолдасов, Жаркент несие бірлестігінің төрайымы Назгүл Әшірова, «Айбар» ЖШС директоры Ләйлә Әтімова және басқа да бизнесмендер айтып берді. Назгүл Әшірова кез-келген бизнес адамның батылдығын талап ететінін атап өтті. Сондықтан іскер нәзік жан студенттерге өмірде тәуекелдерге батыл түрде баруға кеңес берді.

«Мен өз бизнесімді шағын кабинетте бастаған едім. Біз ол кезде тек анамның зейнетақысына күнелтетін едік, маған бір бума қағаз алудың өзі қиын болатын. Алайда сіздер қандай да бір қиындық болмасын өздеріңізге және өз мүмкіндіктеріңізге сену керек екенін білесіздер. Осының арқасында бүгінде бірлестіктің 15 адам жұмыс істейтін өз ғимараты бар. Бизнесмен болу үшін тек қана еңбек ету керек», – дейді кәсіпкер.

Бұдан басқа, аудандық Кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесші менеджерлері студенттерге Кәсіпкерлер палатасы  іске асырып жатқан жобаларды таныстырды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер