Елбасы «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттайды
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» арнайы сыйлығының байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсіміне орай баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов, «Алтын сапа» сыйлығының 2015 жылғы лауреаты, Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС бас директоры Нұрлан Жәнібеков және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының 2015 жылғы дипломанты, «Рыбпром» ЖШС директоры Бақытжан Мұсанов қатысты.
2006 жылдан бастап беріліп келе жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқау талабымен «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар өндіретін үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» атты үш аталым бойынша өткізіледі. Әр аталымнан шағын, орта және ірі кәсіпкерлік өкілдеріне үш сыйлық беріледі.
«Индустрияландыру картасын жүзеге асыру аясында «Алтын сапа» байқауы бойынша ерекше сыйлық беріледі. «Үздік индустриялдық жоба», «Үздік инновациялық жоба», «Сапа үздігі» аталымдарында кәсіпорындар марапатталады. «Атамекен» палатасы алғаш рет «Азық-түлік немесе ауылшаруашылық тауарларын өндіретін үздік кәсіпорын» аталымында отандық компанияны таңдайды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау, қазіргі заманғы менеджменттің даму үрдістерін ескере отырып өткізіледі және сапа жөніндегі Еуропалық сыйлық үлгісімен үйлесім тапқан», ‒ деді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов.
Биылғы жылы «Алтын сапа» байқауына қатысуға 187 өтінім қабылданып, оның ішінде қажетті құжаттардың толық көлемін қамтамасыз еткен 138 компания алдын ала бағалаудан сүрінбей өтті. Осылайша «Алтын сапа» байқауында 138 компания, оның ішінде: шағын кәсіпкерліктен – 59, орта кәсіпкерліктен ‒ 47 және ірі кәсіпкерліктен 32 кәсіпорын бақ сынайды.
Баспасөз маслихатында «Алтын сапа» сыйлығының 2015 жылғы лауреаты, Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС бас директоры Нұрлан Жәнібеков аталған байқау кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді ынталандырып қана қоймай үлкен жауапкершілік жүктейтінін ерекше атап өтті. «Байқау компанияны кеңейтуге, жұмысшыларды ынталандыруға әсер ететіні анық. «Алтын сапаны» иеленнің арқасында биылғы жылы экспортқа шығуға
мүмкіндік берді. Қазіргі таңда Азия, Таяу Шығыс елдеріне шығарылып отыр. Ішкі нарық пен сыртқы нарықтың талаптарында айырмашылық болатыны анық. Осы ретте байқау жеңімпазы болу көп септігін тигізеді», – деп атап өтті 2015 жылғдың «Алтын сапа» иегері.
Сонымен қатар «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы да «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» атты үш аталым бойынша жүргізіледі.
Байқауды ұйымдастырушы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ағымдағы жылдың 16 шілдесі мен 31 тамызы аралығы өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларын өткізіп, оларға шағын, орта және ірі кәсіпкерліктің 674 өкілі қатысқан. Нәтижесінде 145 компания республикалық сайысқа жолдама алды. Міне осы республикалық сында жеңіске жеткендер төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.
«Байқауға бірнеше жыл қатарынан қатыстық. Сапалы жұмыс өз нәтижесін берері анық. Еңбегіміз еленіп, үздік аталымына қол жеткіздік. Кәсіпорындар арасында байқау бәсекелестікті арттырып, сапалы жұмыс істеуге талпындырып қана қоймай, кәсіпкерлер арасындағы байланысты орнатады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз. Кәсіпкерлер алаңын құрып, ортақ мәселелерді талқылауға, келісімге келуге мүмкіндік беріп отыр», ‒ деді «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының 2015 жылғы дипломанты «Рыбпром» ЖШС директоры Бақытжан Мұсанов.
Ал биылғы жылдың үздік отандық кәсіпорындары мен тауарлары анықталатын, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» белгісінің иегерлерін және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» арнайы сыйлығы және «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын тағайындауға арналған байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Елбасының қатысуымен 6 желтоқсан күні өтеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының қатысушыларын қосымша ынталандыру мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іскер» сыйлығы бекітілген. Биылғы жылы 262 үміткерден алдыңғы қатарлы озық тәжірибесі ынталандыру мен қолдауға лайық 10 кәсіпорын таңдалып алынады.
Баспасөз жиынында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Жеңісбек Дулатов келесі жылдан бастап «Алтын сапа» байқауына қатысу механизмі өзгеретіндігін әрі дауыс беруге мүмкіндік жасалатынын хабарлады. Жаңа талап бойынша байқауға онлайн түрінде өтініш беру әрі кез келген аймақтан дауыс бере отырып, жалпыхалықтық таңдау жасауға мүмкіндік берілмек.
Қарлыға Мырзалимова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: