«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балабақша төңірегіндегі дау оң шешімін тапты

2016 жылғы 05 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
3581 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті кәсіпкердің мүддесін қорғады.

Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы Мұнайлы ауданындағы жеке кәсіп иесі Ғалия Зұлхарнаеваның балабақша құрылысына арналған жер учаскесіне жаңадан сатып алу-сату шартын жасауға қатысты арызын қарастырып, кәсіпкерге заңдық көмек көрсетті.

Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында тұрғын үй құрылысына арналған жерге балабақша салып, жердің пайдалану нысанын өзгерткен кәсіпкер 2013 жылы жер қатынастары бөлімімен келісімшарт жасаған. Алайда шарттағы талаптардың уақытында орындалмауынан әкімдік бастамасымен шешім жойылған. Әрине, заңды құжат болмаса, бала тәрбиесімен айналысып отырған мекеменің жұмысына кедергілер болатыны анық.

«Сатып алу-сату жөнінде жаңа шарт жасақтау мақсатында Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөліміне арыздандым, алайда арыз қанағаттандырылусыз қалдырылды. Сол себептен ағымдағы жылдың сәуір айында Кәсіпкерлер палатасына осы мәселенің оң шешімін табуға ықпал ету туралы өтініш білдірдім», – дейді кәсіпкер  Ғалия Кәбіжанқызы.

Өңірлік палатаға түскен арыздың түйінін шешуге кіріскен мамандар Мұнайлы ауданының жер қатынастары бөлімі арасында жасалған келісімшарттың талабы дұрыс орындалмағанын әрі сот шешімінің бұзылғандығын анықтаған. Алайда кесімді уәжді өзгертіп, кәсіпкердің мүддесін қорғау басты мақсат екендігін білетін кәсіби заңгерлер түйткілді мәселенің оң шешім табуын қалады.

Өтініш иесінің жанына батқан мәселенің ақ-қарасын анықтауға Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің мамандары кірісіп, тиісті мекемелерге сұрау салып, арнайы хат та жолдаған.

«Палата тарапынан Мұнайлы ауданы әкімдігінің жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы 2013 жылдың 17 шілдедегі қаулысы негізінде, аудандық жер қатынастары бөліміне жаңа келісімшарт жасау туралы бірнеше рет хат жолданды. Алайда жер қатынастары бөлімі аталған қаулының күші жойылғанын хабарлады. Бірақ кәсіпкерге аудан әкімдігіне жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы арыз жаздыртып, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары, аудандық жер қатынастары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшыларымен келіссөздер жүргіздік», – дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің маманы Ержан Ақмамбетов.

Бүлдіршіндердің игілігіне жұмыс істеп тұрған кәсіптің өзекті мәселесі ұзаққа созылмады. Аудандық жер сұрақтары бойынша комиссия отырсында қаралып, жерді пайдалану нысаны өзгертіліп, тиісті шешіммен бекітілді.

Осыған орай Ғалия Зұлхарнаева «Палата қызметкерлері келген кәсіпкерлерге уақытылы және сапалы көмек көрсетіп, ақыл-кеңестер беріп, кәсіпқойлық танытып, туындаған кедергілер бойынша жедел іс-шаралар қабылдауларының арқасында бүгінде мәселемнің оң шешімін тапқанына қуаныштымын. Қазіргі таңда Әділет органдарына тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп сүйіншісімен бөлісті. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғап, істерінің алға басуына жәрдемші болып отырған палатаның жұмысына сәттілік тілеп, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының атына алғыс хат жолдады.

 Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер