«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан кемелерінің ақ желкені желбірейтін күн алыс емес

2016 жылғы 29 Қараша
10038 просмотров

Халықаралық теңіз ұйымы аудиті қарсаңында Қазақстандағы теңізшілер даярлау саласының мәселелері туралы сөз етпекпіз

Дмитрий Ковтуненко – Қазақ-британ теххникалық университеті жанындағы Қазақстан теңіз академиясының басқарушы директоры. Оның есебінше, Қазақстанның Еуропа мен Азия арасында «көлік терезесі» болуға зор мүмкіндігі бар. Ол үшін теңіз саласын жақсарту қажет. Оның айтуынша, теңіз жүк тасымалын дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның теңіз сауда флотын жақсартуға біздің елдің тамаша мүмкіндігі бар, яғни олар Ақтаудағы, Баутинодағы және Құрықтағы теңіз айлақтары. Алайда, бұл үшін Қазақстанда осы салаға қатысты білім беруді дамыту қажет.

Қазақстан Республикасының «Теңізде сауда мақсатымен жүзу туралы» заңына сәйкес, 2020 жылдан бастап «Шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар кеме капитаны, капитанның аға көмекшісі және аға механик қызметімен айналыса алмайды».

Оған қоса, 2017 жылдың қаңтарында елде халықаралық теңіз ұйымының (IMO) аудиті өтуі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан міндетті түрде «ақ тізімге» енуі қажет. Осы арқылы Қазақстандағы теңізшілерді сертификаттау және тренингтер мен диплом беретін білім беру жүйесі халықаралық талаптарға сай келетіндігін дәлелдей алмақ.

– Дмитрий Николаевич, Қазақстандағы теңіз саласының дамуына не кедергі және еліміздің «ақ тізімге» енуін не бөгет боп тұр? Осы жөнінде айтыңызшы.

– Бірқатар проблемалар бар. Ең басынан бастайық. Егер теңіз саласы бар болса, онда оның нормативі де болуы қажет. Оның авиациялық саламен ұқсастығы – теңіз саласында да нақты жұмысты реттейтін халықаралық стандарттар бар. Теңіз саласында «Теңізшілерге диплом және вахта беру ережелері» деп алатын конвенция бар. Ол 1978 жылы жазылған, ал 1995 жылы оған көптеген талаптар енгізіліп, қайта жасалған болатын. 2010 жылы Халықаралық теңіз ұйымына мүше барлық елдер Филиппинде бас қосып, Конвенцияға өзгертулер енгізді. Енді ол жерде қатардағы матростан бастап, кеме капитаны, теңіз жүк тасымалы саласындағы басқа да мамандарға дейін талаптарға сай болуы керек екені туралы анық жазылған. Қазақстанда, өкінішке орай, білім беру бағдарламасына тиісінше бұл ереже енгізілмеген. 2012 жылы Елбасы өзінің Жолдауында теңіз жүк тасымалына ерекше назар аудара отырып, Қазақстандағы көлік саласын дамытуды тапсырған болатын.

– Қазақстан теңіз академиясы осы тапсырма аясында құрылды ма?

– Қазақстан теңіз академиясы 2012 жылы құрылған болатын. Оның негізгі мақсаты Қазақстанда теңіз жүк тасымалы саласының мамандарын даярлау еді. Академияның оқу жоспары толықтай «Теңізшілерге диплом және вахта беру ережелері» конвенциясын басшылыққа алып жасалды. Яғни, халықаралық талаптардың барлығына сай келеді. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық «ақ тізімге» енуіне жол ашты. Қанша десек те, теңіз саласындағы тиісті білім беру жүйесінсіз Қазақстан бұл тізімге ене алмайды.

– Сіздіңше, біз осы «ақ тізімге» қашан ене аламыз?

– Қазіргі таңда Қазақстанды «ақ тізімге» енгізу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келер жылы аяқталады деп үміттенемін.

– Қазақстанда теңіз саласындағы білім берудің қандай да бір стандарттары бар ма?

– Қазақстанда бұл сала бойынша білім беру құрылымы жасалмаған. Кезінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде жасалған кейбір стандарттар бар. Өкінішке қарай бүгінгі күні ол ескірді. Бұл стандарт тек жоғарғы командалық құрамға білім беруді ғана қарастырады.

– Қазақстандық теңіз кадеттері тағылымдамадан қалай өтеді?

– Кадеттерді кеме бортына отырғызуға қатысты бірқатар проблемалар бар. Халықаралық конвенцияға сай міндеттелген талаптар бар. Алдағы уақытта кәсіби диплом алғысы келетіндердің барлығы теңізде тәжірибеден өтуі керек болады. Тәжірибе құжатталған, реттелген және ресми мақұлданған болуы қажет. Бұл мәселе әлі жолға қойылмаған. Бізбен әріптес болуға ықылас білдірген қазақстандық компаниялармен қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Бұл былайша іске асады: біз оларға кадеттерді жібереміз, ал олар бізге қандай да бір өзіндік фитбэк береді. Жақсы байланыстар орнатылған.

– Жылына қанша маман даярлауды жоспарлап отырсыздар?

– Біз жылына 25 кадет, оның ішінде 12-13 кеме механигін, 12-13 кеме жүргізушісін даярлауды жоспарлап отырмыз. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті бар. Оларда 60-қа жуық кадет теңіз саласы бойынша білім алып жатыр. Егер шамамен айтсақ, оқу кезінде кадет 365 күн тәжірибеден өтуі тиіс. Қазақстанда 70-80 адамды орналастыратын орын жетіспейді. Сондықтан біз қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Мәселен, көрші елдермен байланысты жолға қоюды жоспарлап, халықаралық компаниялармен де келіссөздер жүргізудеміз. Одан қалса, кадеттердің Еуропа мен Америкада тәжірибеден өтуіне жол ашуға тырысып жатырмыз. Тәжірибеден өту – бұл білімнің ажырамас бөлігі, онсыз біз толыққанды маман даярладық деп айта алмаймыз.

Менің де айтқым келген проблемалардың бірі – теңіз тасымалы мамандары нарығында айқын қажеттіліктер анықталмай отыр. Біз олардың керек екенін білсек те, қанша қажет екенін білмейміз.

– Сіз академия 2012 жылы ашылды дедіңіз. Алғашқы түлектер бар ғой, демек?  Олар жұмыспен қамтылды ма?

– Ия, биыл алғашқы түлектеріміз оқу бітірді. Біз 15 маман даярлап шығардық. Осыған байланысты, қазіргі таңда Қазақстанда жұмысқа лицензия алу мүмкін болмай тұр. Біз барлық студенттерімізді «ақ тізімнің» мүшесі болып саналатын Оманда аккредитацияладық. Дәл қазір олардың көбі жұмыспен қамтылды. Бірнеше адам «Каспиан Оффшор Констракшнде» жұмыс жасайды. Бірнеше кадетіміз «Топаз» компаниясында қызмет жасап жүр. Бүгінгі күні 15 кадеттің 9-ы жұмысқа орналасты, ал қалғаны жұмыс қарастырып жатыр. Бірақ біз бар болғаны бір ай бұрын ғана аккредитация жасағанымызды ескерсек, олар енді ғана жұмыс жасауға рұқсат алып отыр.

Тағы бір шешімін табуды қажет ететін проблема – бұл білім беру бағдарламасының жеткілікті қаржыландырылмауы. Білім министрлігі несиелік төлем жасау сияқты жаңа жүйені енгізді. Бұл да оң өзгерістер әкеледі деп ойлаймын. Қазіргі таңда бөлінетін гранттар мен білім берудің арасында әртараптандыру жоқ. Мысалы, экономистер, ұшқыштар және теңіз мамандары арасында грант теңдей бөлінбейді. Салым әртүрлі болған күннің өзінде де жағдай осындай. Теңізшілерді оқытатын кәсіби курстар өте ұзақ және қымбат тұрады. Бүгінгі күні оларды шетелден сатып алуға тура келеді. Себебі Қазақстан мұндай растау куәліктері мен дипломдарды бере алмайды.

– Қазақстандық компаниялар сіздермен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып жатыр ма?

– Қазақстандық кеме компанияларымен жұмыс жасау бойынша бізде проблема жоқ. Алайда, біз кадеттеріміздің шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, мұхитқа шыққандарын қалар едік. Жергілікті компаниялармен де, шетелдік компаниялармен де жұмыс жасағымыз келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер