«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Субсидиялауға берілетін ақпарат шын жағдайға сәйкеспейді

2016 жылғы 28 Қараша
- Шымкент қаласы
10804 просмотров

Әлеуметтік маңызы бар бағдарларда жүретін жауапты тасымалдаушыларды ғана субсидиялау қажет

Жұмыс тобы Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында тасымалдаушы компаниялармен өткен республикалық жиында осындай қорытындыға келді.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің өкілдері Жолаушыларды әлеуметтік маңызды бағдарлар бойынша тасымалдайтын компаниялардың шығынын субсидиялау ережесі мен әдістемесін түсіндірді. Мәселе бүкіл Қазақстан аумағы бойынша тасымалдаушыларға қатысты болғандықтан, жиналысқа Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы көлік компанияларының директорлары шақырылды.

Субсидиялау ережесі ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген. Субсидия алу үшін компаниялар әкімдіктерге табыстары мен шығындары көрсетілген есеп-қисапты өткізуі қажет.

Көлік және комуникациялар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Байболат Баймаханбеттің пікірінше, бірнеше жылдан бері мемлекеттен субсидия алып келе жатқан компаниялар қисынсыз есептеулерді ұсынады екен. Ол жыл басында Ақтөбедегі қоғам назарын аударған жағдайды мысалға келтірді. Ол кезде қалалық автопарктің директоры ұсталған еді. БАҚ тінту кезінде одан бірнеше миллионда доллар табылғандығы туралы ақпарат таратты. Оның ойынша, бұл жағдайға себеп болған автотасымалдаушылардың есебін тексерместен, облыстық бюджеттен субсидия бөлетін жергілікті атқарушы биліктің салғырттығы мен немқұрайлығы. Сондықтан қоғамдық көлікті жергілікті бюджеттің қаражатынан субсидиялау мәселесі мемлекет тарапынан айрықша бақылауды  қажет етеді.

«Тасымалдаушылар ұсынған кірістер мен шығыстар көлемінің дұрыстығын тексеруді ұйымдастыру үшін, жерілікті атқарушы органдар шығынды әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау жөніндегі комиссия құруы қажет, сол комиссия олардың нақты есебін тексереді. Есеп қорытындысымен келіспеген жағдайда, комиссия аудит тағайындайды. Бірақ мұндай тәжірибе еліміздің бір де бір автобус паркінде жоқ. Он жыл бойы есеп-қисапсыз және тексерусіз қалайша субсидия төлеуге болады?», – деп наразылық танытты Б.Баймаханбет.

Қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын көтеру мәселесі де сөз болды. Жол жүру ақысының тарифін жасау барысында әрдайым мынандай сұрақ туындайды: Тасымалдаушылар нені басшылыққа алады? Тарифтерді көтеру тасымалданған жолаушылардың саны арқылы негізделеді. Алайда ешкім қай облыс орталығында қанша адам қоғамдық көлікті пайдаланатынын нақты білмейді. Автопарктердің, бағдарлардың тиімділігі, тіпті көлік кәсіпорындары мен көлікпен қамтамасыз ететін қалалық жүйенің жағдайы сол санға байланысты емес пе? Мәселен, Атырауда соңғы 30 жылда ешкім жолаушылар ағынының көлемін есептемеген. Еш жерде, ешкім және ешқашан тасымалданған жолаушылардың нақты санын айта алмайды, өйткені оны санаумен ешкім айналыспайды.

Бұл мәселе көлік компанияларының директорларының наразылығын тудырды. Олардың ең қарапайым есептеулері бойынша, фирмалар болар-болмас табысқа жетуі үшін автобустағы жол жүру ақысы 115-130 теңге болуы қажет екен. Бірақ мұндай баға белгіленсе, тасымалдаушылар жолаушысыз қалмақ. Екінші нұсқа – мемлекеттік бюджеттен материалдық көмек алу. Алайда тасымалдаушылар бұдан да дәмеленіп отырған жоқ, өйткені бұрындары субсидиялауға өткізілген бір де бір өтінім қазынадағы қаражаттың жеткіліксіздігінен қанағаттандырылмаған.

«Жүргізушілер мен кондукторлардың еңбекақысын беруге қаржы әрең жетеді. Ал автобус бұзылып қалса, тіпті қиын. Қосалқы бөлшектер сатып алу үшін қарыздануға тура келеді. Былтырғы девальвациядан кейін жағдай одан да күрделене түсті: шетелдік көліктерді жөндеуге екі есе көп қаржы кетеді, аудиторлық тексеріске де өзіміз ақша төлейміз», – деді тасымалдаушылар.

Айтпақшы, еліміздің үшінші мегаполисіндегі автобустардың жағдайы да тілге тиек етілді. Мұндағы жағдай тіпті қиын: Шымкенттегі 16 мыңнан астам автобустың тең жарымына жүруге мүлде тыйым салынған. Ол автобустардың техникалық жағдайы өте төмен, жолға шықпас бұрын күн сайын автобустардың жағдайын тексеретін жөндеу базасы, көлікжай-техникалық жабдығы, станоктар жоқ, жүргізушілерді ауысымға дейін және ауысымнан кейін тексеріп тұратын медициналық жағдай жасалмаған.

Алайда бұған тасымалдаушылардың айтар дәйектері жоқ емес. Мәселен, Шымкентте бір де бір тасымалдаушы компания мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрмеген. Ал бүгінде Шымкентте қызмет көрсететін 24 көлік кәсіпорны бар, еліміздің басқа өңірлерінде мұндай көп компания жоқ. Себебі Шымкентте жолаушылар ағыны мол.

«Оның үстіне автобустар жол жүруге жарамды болуы тиіс, жүргізушілеріміз бен кондукторларымыз атқарған жұмыстардың сапасын бақылап отыруымыз қажет. Ал егер мен шығынға ұшырап жатсам, мемлекет тарапынан қажетті соманы алмасам, мұны қалай жүзеге асырамын? Қоғамдық көліктер үшін жанар-жағармай материалдарын арзан бағамен беруге болмас па еді немесе ең болмаса қандай да бір жолмен қосымша бөлшектерге кететін шығынды субсидиялауға болмай ма?», – дейді көлік компаниялары.

Тасымалдаушылар кезекті рет субсидиялауға өтінім беру-бермеу жағын ойластырып жатқанда, жұмыс тобының мүшелері мемлекеттік қолдау алуға қажет құжаттарды қалай рәсімдеу керектігін түсіндіріп берді. Сонымен қатар әкімдік қызметкерлері тасымал субсидиясын есептеу әдістерін түсіндірді. Компаниялар арасында сапалы қоғамдық көліктермен жабдықталған және сапалы қызмет көрсететін жауапты тасымалдаушылардың бар екені сөзсіз. Міне, сол компанияларды субсидиялау қажет. Оларға бекітілген жол ақысы мен жолаушылар ағынына көбейтілген нақты жол ақысының арасындағы айырмашылық төленеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер