«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда үздік визажистер мен нейл-стилистер анықталды

2016 жылғы 28 Қараша
- Алматы қаласы
6530 просмотров

«Cosmobeauté Қазақстан-2016» көрмесі аясында өткен чемпионаттың қорытындысы шықты

«Тырнақты конкурстық бедерлеу. Акрилдік технологиялар» аталымында «Юниор» санаты бойынша Тараз қаласынан келген Александр Украинцев үздік деп танылды. «Тырнақ дизайны. «Саяхат» тақырыбы» аталымы бойынша 1-орынды Алматы қаласының тұрғыны Айсана Дәулетқалиева иеленді. «Кешкі салондық макияж» санатында Анастасия Серебринская жеңіске жетті. «Тойға арналған салондық макияж» аталымында Маргарита Рамм үздік атанды. Ал, «Боди-арт. Кесіндеме техникасындағы «Цирк» тақырыбы» аталымында Алена Етекбаева жеңіс тұғырынан көрінді.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директоры Юрий Тілеумұратов жеңімпаздарды құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті.

«Біз сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтай отырып, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өз кәсіптеріңізді ашуға қатысты тегін қызмет ала алатындарыңызды жеткізгім келеді. Айта кетерлігі, Алматы – тек сұлулықтың, сән әлемінің, талғамның астанасы емес, ол Қазақстанның қаржы-экономикалық орталығы.  Қала экономикасының басым бөлігін шағын және орта бизнес көрсететін қызметтер құрайды. Оның ішінде, сән әлемі қызметкерлері – визажистер, стилистер мен шаштараздар бар.  Еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін!», – деп құттықтады Юрий Тілеумұратов.

Жеке күтім және косметика нарығы, beauty-қызметтері Қазақстанда жыл сайын тұрақты түрде дамып келеді. «Euromonitor» жүргізген зерттеулер мен болжамдарға сәйкес, 2015-2019 жылдар аралығында олардың нарықтағы үлесі 15%-дан асып жығылмақ. Қазақстан халқының сан салалы әрі көп түрлі мәдени қатынас жүргізуінің, сондай-ақ азиялық тауар өндірушілермен байланыс орнатуының арқасында, еліміз «Cosmobeauté» бренді үшін маңызды әрі әлеуетті өңірге айналды.

«Cosmobeauté Қазақстан-2016» – халықаралық эстетикалық медицина және сән көрмесі – сән, кәсіптік косметика және эстетикалық медицина саласы бойынша Орталық Азиядағы маңызды B2B жаңалық болып табылады. Оған әлемнің түрлі елдерінің косметология, эстетикалық медицина, пластикалық хирургия, сән саласының жетекші мамандары мен кәсіп иелері, көтерме, бөлшек сауда өкілдері, сән индустриясы мамандары, SPA және велнесс-орталықтарының иелері мен басшылары қатысады. Бұл өз кезегінде, оларға Қазақстан және Орта Азия нарығына шығуға жол ашады. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер