«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жемқорлықпен күрес жолында

2016 жылғы 25 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
6708 просмотров

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының отырысында құқық қорғау, кәсіподақ, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, кәсіпкерлік субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі туралы айтылды

Солтүстік Қазақстан облысында ашық келісімге 109 мемлекеттік мекеме, үкіметтік емес және қоғамдық ұйым қосылды, олардың ішінде Кәсіпкерлер палатасы және құқық қорғау, кәсіподақ, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар бар. Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне қарсы күресетін ахуал орнату және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ашық келісім әзірлегеніне бір жыл болды. Мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа баруға түрткі болатын жағдайлардың алдын алуда және жоюда мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының басын біріктіру. Келісімге кез келген тілек білдіруші қосыла алады.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші институционалды реформаның 35-тен 84-ке дейінгі тармақтарында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты басым бағыттар көрсетілген. Мұндай бастамаларды табысты іске асыру үшін қазіргі таңда мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамдық институттардың, Кәсіпкерлер палатасының және жалпы кәсіпкерлік қауымдастықтың әкімшілік кедергілер деңгейін азайтып, олардың қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу мақсатында белсенді азаматтық ұстанымын біріктіру қажет», – деп атап өтті баяндама жасау барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.

Талдау көрсетіп отырғандай, салықтық әкімшілік жүргізудегі, лицензиялық алымдар жинаудағы қиындықтар, салық кодексінде кінәсіздік презумпциясының жоқтығы, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің максималды коэффициентін қолдану өңірде кәсіпкерлікті жүргізуге және дамытуға кедергі келтіріп отыр. Аталған кедергілердің барлығын жою үшін Палата ауқымды жұмыс атқаруда, деп атап өтті СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов. «Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз және Палата мен уәкілетті мемлекеттік органдардың әкімшілік кедергілерді анықтау және жою жөніндегі ортақ әрекеттері кәсіпкерлік бастамаларды іске асыруға, бизнес ортаны дамытуға қолайлы жағдай жасап, өңірдің экономикалық өсімге қол жеткізуіне көмектеседі деп ойлаймын», – деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша тізімнің соңында тұр екен. Алайда, жиналғандар атап өткендей, белгіленген бағыттарды тиімді іске асыру үшін бұдан да тығыз байланыстарды жолға қою қажет. Жиынға қатысушылар алдағы уақытта 2017 жылға арналған ортақ шаралар жоспарын құру туралы келісімге келді. Онда халықтың, бизнесмендердің және үкіметтік емес сектордың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар ерекше орын алатындығы осы бастан анық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер