«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дәмді де пайдалы тағам әзірлеудегі фин құпиясы

2016 жылғы 24 Қараша
- Жетісу облысы
9442 просмотров

Кондитерлерге фин технологиялары мен стандарттары таныстырылды

Бүгінгі күні кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру – ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны анық. Жаңа технологиялар мен әдістерді енгізбейінше, бизнес бәсекеге қабілетсіз болып, мол табыс әкелмейтініні сөзсіз. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерін оқыту бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруда.

Тамақ саласына арналған осындай семинарлардың бірін Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Оқыту Талдықорған сервис және технология колледжінің Ресурстық орталық базасында өтті. Семинарға Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді, Кербұлақ аудандарының 40-тан астам кәсіпкері қатысты. Оқытуды «Leipurin» фин компаниясының бас технологы Надежда Иванова жүргізді.

Компанияның құрылғанына жүз жылдан астам уақыт өткен және ол тамақ өнеркәсібін дамыту саласына белсене атсалысып келеді. Қазіргі таңда «Leipurin» нан-тоқаш өнімдерін шығаратын жаңа технологиялар мен оқу құралдарын енгізу арқылы, кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға көмек беретін инновациялық серіктес болып табылады. Енді бұл тәжірибені Қазақстанда қолдануға да мүмкіндік туды. Семинарда кәсіпкерлерге дәмді әрі пайдалы тағам әзірлеудің құпиялары айтылды. Технолог нан және кондитер өнімдерін шығарудың қыр-сырымен бөлісті.

«Бүгін біз кәсіпкерлерге өнімді даярлап шығару үшін шикізат түрлерін көрсетіп жатырмыз. Шикізат ретінде құрамында пайдалы микроэлементтері бар бидай қолданамыз. Мысалы, біз бидай, қарабидай, сұлы, арпа дақылдарымен нан әзірлейміз. Олардың құрамында калий, магний, В тобы дәрумендері мен өзге де элементтер бар. Аталған дақылдардан жасалған кез келген өнім адам денсаулығына пайдалы болып келеді. Бүгінде көптеген адамдар наннан бас тартып жатыр. Бірақ, осы шикізаттарды пайдаланған жағдайда,  ондай өнім жүрек ақаулары бар адамдарға да пайдалы болады», – деді ол.

Семинарда қатысушылар сарапшылар ұсынған өнімдердің дәмін татып, оған өз бағаларын бере алды. Айта кетерлігі, нанның аталған түрлері әлеуметтік санатқа жатқызылмайды. Қымбат бағаға қарамастан, финдік стандарттармен пісірілген нан, тоқаш, бәліш, кекстер Қазақстанның оңтүстік өңірі мен елордада жоғары сұранысқа ие екен. Ескеретін жайт, мұндай шикізат елімізде өндірілмейтіндіктен, оны шетелден әкелуге тура келеді. Дәріскердің айтуынша, Қазақстанда аталған өнімдер жоғары сұранысқа ие болып жатса, мұндай ингредиенттерді өз елімізде шығаруды қолға алу керек дейді.

«Қазақстан бидайды экспортқа шығарады, алайда оны өңдемейді. Егер осы істі қолға алып, нарықты сараптамадан өткізсек, саланы дамытуға мол мүмкіндік бар. Мысалы, Финляндияда алдымен мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Сосын, кәсіпкерлерге күнделікті тұрмыста пайдаланылатын нан пайдалы болсын деген талап қойылды. Сонымен қатар, Еуропа елдерінде өз азаматтарының денсаулығына барынша назар аударылатыны баршаға мәлім», – дейді сарапшы.

Қатысушылар сондай-ақ, нарықта отандық қосымша ингридиенттердің де жоқтығын алға тартты. Сондай-ақ, олардың барлығы халықаралық стандарттарға сай келмейді дейді қатысушылар. Сол себепті, бүгін жергілікті кондитерлер пен наубайханалар қолда бар дүниемен нан өнімдерін әзірлеуге мәжбүр.

Іскер әйелдер кеңесі хатшысы, адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, кәсіпкерлердің семинарға қатысуының өзі, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айғақтайды деді.

«Кәсіпкерлер денсаулыққа пайдасын тигізер тихнологиялар бойынша өз біліктіліктерін арттырып жатыр. Бұл ретте, бизнес осы шара арқылы азаматтардың да әл-ауқатына алаңдатушылық білдіріп отыр. Семинар қатысушылары дән риза және оларда болашақта жүзеге асыратын жаңа идеялар да пайда болуда», – деді А.Оңғарбаева.

Семинар аяқталған соң, барлық қатысушыларға семинарға қатысқанын растайтын сертификаттар табыс етілді. Енді Іскер әйелдер кеңесі Талдықорған сервис және технология колледжінің Ресурстық орталығымен бірге бизнестің басқа да салалары арналған семинарлар өткізеді деп жоспарланып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер