«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кооперативтерге жеңілдік көп

2016 жылғы 23 Қараша
- Солтүстік Қазақстан облысы
6447 просмотров

Шал ақын ауданындағы ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мемлекеттік органдардың өкілдеріне көкейтесті сауалдарын қойды

Сергеевка қаласында Кәсіпкер палатасының Шал ақын ауданы филиалының бастамасымен ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері мәселелеріне арналған семинар өтті. Ауданда барлығы 26 АӨК (ауылшаруашылық өндірістік кооперативі) жұмыс жасайды екен. Олардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын көрінеді. «Бұл әрине көп көрсеткіш емес, алайда осындай әр кооперативтің артында, кооперативтік қозғалыстың мүдделі қатысушылары бар, СҚО Өңірлік палатасы мен аудан әкімдігінің бірлескен жұмысы жатыр. Бұған дейін ашылған АӨК-терді қайта  тіркеуден өткізу үшін жоспарлы жұмыстар істелінуде. Ал қолдауға мұқтаж жобаларды менеджер-кеңесшілер соңына дейін сүйемелдейтін болады», – деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының Шал ақын ауданы филиалының директоры Мұхаметжан Жақсыбаев. 

Семинарға, сондай-ақ, әділет, мемлекеттік кірістер басқармасы және ауданның ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдері қатысты. Аталған ведомство өкілдері АӨК-ті қайта тіркеуден өткізу, салық төлеу, несие алу және ішкі шаруашылық мәселелеріне қатысты кәсіпкерлер сауалдарына жауап берді.  АӨК жетекшілері атынан «Светлый путь Марьевский» АӨК төрағасы Сергей Кучин сөз алды. «Барлық қатысушыларға зор алғысымызды білдіреміз. Әсіресе, күн сайын қым-қуыт тіршілікте кездесіп жататын түйткілді мәселелерді шешуге мүдделі мемлекеттік органдарды өз алаңында жинай білген Палатаға алғыс айтамыз. Әрине, біз қазір өз кәсібімізді енді ашып жатқан, буыны қатпаған кәсіпкерлерміз. Заңгер де емеспіз. Десе де, аз да болса тәжірибеміз бар.  Егер филиал бұдан әрі де бізге кеңес беріп, қызмет көрсетіп тұрса, бизнес әлемінде өз орнымызды табамыз деген ойдамын»,– деді ол.

Қазіргі таңда «Ауылшаруашылық кооперациялары туралы» Заңы аясында, мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл ретте, арнайы салық төлеу тәртібі, несие алу үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Естеріңізде болса, жер телімі бар кооперативтер, салықтың бес түрі бойынша 70%-дық жеңілдіктер алады. Субсидия алуда да барлық ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне басымдық берілген. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер