«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов: «Қазір кәсіпкерлер үшін өнім өткізу нарығы өте маңызды»

2016 жылғы 18 Қараша
9583 просмотров

Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы отандық тауар өндірушілердің «Ұлы дала елі» ІІ форумында мәлімдеді

Отандық тауар өндірушілер форумы мен республикалық «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 18-19 қараша күндері Астана қаласындағы «Көрме» орталығында өтеді. Оған өңірлік байқауларда жеңімпаз атанған 145 компания қатысады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы мен «Ұлы дала елі» отандық тауар өндірушілер форумының қатар өткізілуі, елдегі ірі тапсырыс берушілер (мемлекеттік мекемелер, ұлттық холдингтер мен компаниялар) мен отандық тауар өндіруші кәсіпорындарды ортақ арнаға табыстыруға мүмкіндік беріп, оның аясында өткен В2В сипатындағы кездесулерде аталған саладағы көптеген мәселелер талқыға түсті.

«Кез келген тауарлар өндірісі мен қызметтерге сұраныс қажет. Бизнес-жоспар сұранысқа негізделіп жасалады. Бізде сауда-саттық саласы мен өндіріс саласында бұрыннан ішкі дау-дамай бар. ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевпен, сондай-ақ Сауда комитетінің өкілдерімен өткен кездесу нәтижесінде сауда-саттықты дамыту жөнінде келісім жасадық. Сауданың өзіне тән мәселелері бар», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов форумда сөйлеген сөзінде.

Мырзахметов ауыл шаруашылығы саласындағы шағын өндірушілердің тауар көлемі аз болғандықтан, олардың сауда нүктелеріне қол жеткізе алмай отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселені шешудің екі жолы бар. «Біріншісі, Ресей жүріп өткен жол. Олардың заңнамасында отандық өнім өндірушілер ұсынатын тауарлар көлемі 50 пайыз болуы керек деп қатаң бекітілген. Екіншісі, шағын және орта бизнесті субсидиялап, олардың сөрелерден орын алуына көмек беру керек пе? Олардың арасында қандай делдалдар бар? Міне, салалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде біз талқылауға тиісті сұрақтар шамамен осындай», – деп сөзін жалғады ҰКП Басқарма төрағасы.

Сондай-ақ ол бизнес үшін маңызы зор мәселелердің бірі – сатып алуларды да сөз етті. «Сатып алуларға келер болсақ, онда бәрі қарапайым. Қазір 15 күн бар,  сол мерзімнің ішінде сіздер ашық түрде өздеріңіздің көзқарастарыңызды білдіре аласыздар. Екіншісі, сатып алулар процесінің өзі. Оны саралау керек пе, жоқ па? Ол жақта отандық тауар өндірушілерді қалай қолдауға болады? Біздің ойымызша, алдын-ала саралау индустриалды сертификат базасында іске асырылу қажет, ол өзін-өзі реттеу арқылы қауымдастықтарға кімнің шынайы өндіруші екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл отандық тауар өндірушілер үшін қолдау болмақ. Сондай-ақ, егер тендерде бір нәрсе көңілден шықпаса, шағымдануға мүмкіндік беру қажет», – деді Абылай Мырзахметов.

Қазақстандық бизнесмендерді мазалайтын үшінші мәселе – өнімдерді экспорттау. ҰКП Басқарма төрағасы мәлімдегендей, қазір осы функцияны Ұлттық палатаға беру мәселесі қаралып жатыр. «Желтоқсан айында Қытай, Ресей, Иран сияқты жақын нарықтарға нақты жол карталары арқылы экспортты дамыту стратегиясын әзірлеуге дайынбыз. Кәсіпкерлер үшін қазір өткізу нарығы өте маңызды. Мемлекеттік машина біршама қолайыз әрі әрдайым нарықтың мүдделеріне сай келе бермейді», – деді ол.

Абылай Мырзахметов Ресейдегі экспорттау орталығын мысалға келтірді. Соның жұмысының арқасында көрші ел Қазақстанға өз өнімдерін көп көлемде сата алып отыр. «Жақын көршілеріміздің нарығына шығу үшін де, бізге мықты құралдар қажет», – деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, Ұлттық палатаның Басқарма төрағасының айтуынша, Қазақстанда импортты алмастырумен жұмыс істеп, отандық тауар өндірушілерді ұзақ келісімшарттармен қамтамасыз ету қажет. «Біздің тәсілдеріміз өте қарапайым. Шынымызды айтайықшы: бізге қазір импортты түсінікті позициялар бойынша алмастыру бағдарламасы қажет. Нені істей алатынымыз және өндіріс базасы қай жерде бар екені белгілі, оны білу оңай. Бізге 3-5 жылдық, тіпті одан да ұзақ келісімшарттар қажет. Мұнда сіз бен біз ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бірақ есесіне сапа жағынан міндеттеме алып, 3-5 жылдан кейін экспортқа шығуымыз қажет. Осындай коннектинг керек.  Бүгінде Үкімет дәл осылай сөйлесуге дайын, бізде соған сай міндеттемелер алуымыз керек. Кәсіпкерлер үшін қолдау шаралары өте маңызды. Осы жылдар аралығында кәсіпорындар өз менеджерлерін үздік компанияларға оқыту үшін, біліктілік орталығының болғаны жөн. Және мемлекет оқу шығынын төлеуі тиіс», – деп мәлімдеді ол.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, осы жылдың 9 айында сатып алулардағы жергілікті құрамның үлесі 58,3% болған. «Сонымен қатар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу 1 трлн 596 млрд теңгеге артты. Дегенмен, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, қазақстандық құрамның аралық көрсеткіші 77%-ға төмендеген. Оның негізгі себептері теңге бағамының әлсіреуі және импорттық шикізатты сатып алудың артуы», – деді ол.

Айта кетерлігі, ҰКП жыл сайын кәсіпкерлерге «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығын беретін байқау ұйымдастырады. Оның мақсаты «Ұлы дала елі» брендін алыс және жақын шетелдерге танымал ету.

«Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығы жыл сайын Қазақстанның брендін халықаралық ауқымда ілгерілетіп жүрген еліміздің үздік отандық тауар өндірушілері мен қызмет ұсынушыларына табыс етіледі.

Байқауға ірі және орта бизнеспен қоса, шағын бизнес те қатыса алады. Соның нәтижесі бойынша, ең көп дегенде үш үміткер лауреат атанып, «Ұлы дала елі» брендін пайдалану құқығын иеленеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер