Кәсіпорындар жанынан ашылған ресурстық орталықтардың саны артты
Кәсіпорын жанынан ашылған үш ресурстық орталық пен сұранысқа ие мамандықтар даярлайтын колледж жанынан ашылған оқу орталығы Астана қаласы кәсіпкерлер палатасымен келісімшарт жасады
«Кәсіптік білім беру мен бизнес: Серіктестік диалогы» деген тақырыппен өткен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің қалалық форумында сұранысқа ие мамандықтарды даярлау жөніндегі келісімшартқа салтанатты түрде қол қойылды.
Төртжақты келісімге Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов, Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сеңғазиев, Менеджмент және бизнес колледжінің директоры Балқия Пішенова, политехникалық колледж директоры Виктор Старунов, техникалық колледж директоры Шортанбай Қасенов және әлеуметтік серіктестер: «ТехноНИКОЛЬ» корпорация басшысы Александр Павлюков, «ИНГРИ Қазақстан» ЖШС директоры Сергей Веселов, «Меру-Жан» ЖШС директоры Беркін Жанжігітов қол қойды.
Форумда сөз сөйлеген Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов биылғы ақпан-наурыз айларында астаналық филиал «Атамекен» ҚР ҰКП пен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің жұмыспен қамту бойынша Ақпараттық-сараптамалық орталығының тапсырысы бойынша қысқа мерзімді сұранысқа ие мамандықтарды анықтау жөнінде сауалнама жүргізгенін айтты. Алынған жауаптың бәрі «Алдын ала хабарлау жүйесі (2016 ж)» атты зерттеу жұмысына енген. Оның үстіне палата техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі мемлекеттік білім тапсырысын қамтамасыз ету үшін, Астанадағы бірқатар кәсіпорындар мен ұйымдарға да қосымша сауалнама жүргізіп, олардың орташа техникалық білім мамандықтарына деген мұқтаждықтарын анықтауға тырысты. Осы сауалнама нәтижесіне 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік білім тапсырысы жүйеленді».
«Бірқатар колледждермен және кәсіпорындармен бірлесіп, Палата осы колледждер мен кәсіпорындар негізінде сұранысқа ие инженерлік-техникалық мамандар даярлайтын, қайта даярлайтын, олардың біліктілігін көтеретін орталықтар ашуды көздеп отыр. Осы мақсатта үнемі кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, техникалық мамандықтарды бұқаралық сипатта оқыту мәселесін көтеріп жатыр. Осы мәселеде елорадық филиал ҰКП-ға бірқатар ұсыныстар айтты», – деп атап өтті Ғани Тасмағамбетов.
Еордалық филиал Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып, палатаның көмегімен ашылған білім беру орталықтарын «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында кәсіптік білім беру ұйымдарының тізіміне тіркеу үшін жұмыс жасап жатыр.
Аталмыш келісім бойынша Менеджмент пен бизнес колледжі жанындағы оқу орталығы тағамдық жартылай фабрикаттар дайындаушы, кондитер, тігінші, шаштараз-модельер, көлік жүргізуші сияқты мамандықтарды даярлайтын болады.
«Меру-Жан» ЖШС жанынан ашылған ресурстық орталық лифтілерді жөндейтін электромеханик, көп салалы станок жұмысшыларын, байланыс желілерінің электромонтерларын, вагон жөндейтін слесарь, электровоз машинистінің көмекшісін, дәнекерлеуші, электрожабдықтарын жөндейтін электромонтерларды даярлайтын болады.
«ТехноНИКОЛЬ» компаниясының жанынан ашылған ресурстық орталық «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және іске қосу» мамандығы бойынша техникалық құрылысшылар даярлайды, «ИНГРИ Қазақстан» ЖШС жанынан ашылған ресурстық орталықта полимер материалдардан еден құятын техникалық құрылысшылар даярланады.
Ұйымдастырушылардың ойынша, форум нәтижелері келешекте техникалық және кәсіптік білім берудің көкжиегін кеңейтеді, әрі қатысушыларға Астана қаласы кәсіпкерлер палатасымен және әлеуметтік серіктестермен ұзақ мерзімді іскерлік байланыс орнатуға жол ашады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: