Мүмкіндіктерге жол ашатын карта
Текелі қаласында кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы таныстырылды
Айта кетерлігі, облыста аталған жобаны дамыту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Бірегей Картаны ӨКП жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Әділ Қасқарауов таныстырып, өңірлік картаның мақсаты мен міндеттері, мүмкіндіктері мен нәтижелері туралы айтып берді.
«Егер сізге бизнес ашу керек болса, интернет-ресурс арқылы өңірде сондай жобаның бар-жоқтығын білуге болады. Осыдан кейін сол салада жеке іс ашу керек пе деген мәселе төңірегінде ойлана бастайсыз. Бұрын кәсіпкерлерге мұндай ақпарат қолжетімсіз болатын, сондықтан өнімді өткізу жөнінде мәселелер туындап жататын. Енді Картаның арқасында бизнесмендер өздерінің уақыттары мен қаражаттарын үнемдейді. Бұл бизнес-навигатордың көп ерекшеліктерінің бірі ғана», – деді маман.
Текелі қаласынан Картаға екі жобаны енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында темір жол қозғалысын, алма сақтайтын және қайта өңдейтін кәсіпорынның жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі жобалар бар. Қазір үміткерлер Картаны әзірлеуші-сарапшылармен сұхбаттасуға дайындалып жатыр.
Таныстырылымнан кейін кәсіпкерлер Картаға тіркелу шарттарына және Палатаның қолдау шараларына қызығушылық танытты.
«Картаға енгізу тегін, алайда іріктеу өте мұқият жүргізіледі. Біз инвесторлар мен екінші деңгейлі банктер үшін сіздің жобаңызды тиімді әрі тартымды етеміз. Қаржыландыру бойынша шарттар мен талаптарды өздеріңіз анықтайсыздар. Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы жобаларды толықтай сүйемелдейді», – деп атап өтті сарапшы.
Бөлім басшысы Жандос Тұрысбеков ресурсқа суреттер қосуды ұсынды. Оның айтуынша, фотоматериалдар әлеуетті инвестор немесе қарапайым қолданушы үшін, өңірмен танысудың тиімді әдісі болмақ. Сондай-ақ ӨКП сарапшысы Қытайдың бизнес-қауымдастығы картаға ерекше қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сондықтан мамандар сайттың қытай тіліндегі нұсқасын дайындауда екен.
Палатаның қалалық филилалының директоры Тұрысбек Жұмаділов жобаның қызметін сөз ете келе, кәсіпкерлерді өңірлік картаға қатысуға шақырды.
«Текелі тау-кен қайта өңдеу кешенімен ғана әйгілі емес. Бүгінде моноқаланың ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын және туризмді дамытуға арналған барлық мүмкіндіктері бар. Бұл жобалар біз үшін қызықты әрі сұранысқа ие болады. Картаға жыл тола қойған жоқ, бірақ барлық жерде ол туралы жақсы пікірлер айтылып жатыр. Алматы облысы бойынша Панфилов ауданында бір жоба қаржыландырылды, енді оны кеңейтуге қаржы тарту мәселесі қарастырылуда. Өздеріңіз көріп отырғандай, алғашқы нәтижелер бар», – деді филиал басшысы.
Кездесу кәсіпкерлердің көңілінен шығып, дөңгелек үстел аяқталған соң, олар өңірлік картаға кіру жолдары туралы кеңес алды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: