Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылса...
Бизнесмендер, шенеуніктер мен қоғам қайраткерлері сыбайлас жемқорлық мәселелерін талқылады
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы кәсіпкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы түсіндіруге арналған кездесу өткізді. Бизнестің мемлекеттік органдардағы парақорлық мәселелерін талқылауға салық, құқық қорғау органдарының, Алматы қаласы әкімдігі басқармаларының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметтер бойынша, жыл басынан бері Алматыда 156 жемқорлық фактісі тіркелген. Пара алудан Алмалы, Бостандық және Медеу аудандары көш бастап тұр.
«2016 жылдың 9 айының ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша 871 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Соның 11-і республикалық, 53-і облыстық, 103-і аудандық деңгейдегі басшылар. Шығын көлемі 33,3 млрд теңге болды, 19,5 млрд теңге сомасындағы мүлік қамауға алынды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басқармасының басшысы Мақсатхан Анапин.
Агенттік жүргізген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша, сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі мына өңірлерде байқалған: Маңғыстау облысы (29%), Жамбыл облысы (24%) және Алматы қаласы (22%). Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмендеу өңір Солтүстік Қазақстан облысы екен (0,4%). Соңғы 5 жылда Қазақстаннан сыбайлас жемқлорлық жолымен 70 млрд теңге шығарылған, 47 жемқор әлі күнге дейін халықаралық іздеуде жүр.
Мемлекеттік қызметті жаңғырту мақсатында 3 сатылы іріктеуге құрылған конкурстық негіздегі мансаптық модель енгізілді. Басында мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге тілек білдірушілердің құқықтық сауаттылығы сыналады, одан соң жеке қасиеттері бағаланады (процесс автоматтандырылған), содан кейін ғана әңгімелесуге шақырылады. Мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысының 20-40%-ға өсуі кадрлар тұрақсыздығын екі есе қысқартып, командалық орын ауыстыруды 27 есе азайтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия әзірленгеннен бастап Қазақстанда 59 заң қабылданған («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Жалпыға бірдей декларациялау туралы» және т.б.).
«Осы және басқа да шаралардың арқасында халықаралық рейтингтерде оң серпін байқалады. Transparency International атты әлемдік сыбайлас жемқорлық картасында Қазақстан 168 елдің ішінде 123 орынды иеленген (2014 жылы 140 орында болған еді). Пара алудың ең төменгі деңгейі Канада, Финляндия және Германияда тіркелген, ал пара алу деңгейі жоғары елдердің үштігін Ауғанстан, Судан және Венесуэла тәмамдаған», – деп атап өтті Мақсатхан Анапин.
«Атамекен» ҚР ҰКП өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарып жатқан жұмысы аз емес.
«Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес құрдық. Кеңес үш жылдан бері айтарлықтай тиімді жұмыс істеп келеді. Дәл осындай Кеңес республикалық ауқымда құрылды, оны Ғани Қасымов басқарады. Сонымен қатар, «Атамекен» ҚР ҰКП жанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, оған Қайырбек Сүлейменов басшылық етуде. Өйткені бизнеске жариялылық қажет. «Жаңару» сияқты қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдары жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ете алады. Ең бастысы – қоғамдық пікір қалыптастыру, қоғамнан парақорлықты аластату», – деп атап өтті Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Юрий Тілеумұратов.
«Бүкіл әлемдік Doing Business рейтингінде Қазақстандағы бизнес жүргізуге қолайлылық бір ғана қала бойынша, яғни Алматы қаласы бойынша бағаланатындығы баршаға мәлім. Өткен жылдан бері Қазақстан 41 орыннан 35 орынға көтерілді. Алматы қаласы әкімдігімен, барлық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, өте көп жұмыс атқардық. Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында Парламент арқылы заңнамаға 196-ға жуық өзгеріс енгіздік. Бұл біз үшін маңызды. Елбасы алдымызға міндет қойды. Ол міндет – бизнестің тынысын ашу. Бүгін жүргізіліп отырған сұхбат кәсіпкерлерге жағдай жасау призмасы арқылы қарапайым азаматтың өмірін жеңілдетуге бағытталған», – деп сөзін жалғады Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Құдайберген.
Дөңгелек үстелге қатысушылар, Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша, мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық жыл сайын әлемдік экономикадан пара түрінде әлемдік ЖІӨ-нің 2%-ға жуығын шығаратынын атап өтті. Мәселен, Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімінің 2%-ы – 79,2 млрд теңге. Бұл қаржыға 80 мектеп, 100 балабақша салуға немесе 500 шақырым жолды жөндеуге болар еді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: