«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет алдындағы парызына адал

2016 жылғы 16 Қараша
- Жетісу облысы
9944 просмотров

Облыста үздік салық төлеушілерді таңдады

Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаменті 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыс кәсіпкерлері арасындағы үздік салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларын марапаттады. Үздіктер ірі, орта және шағын бизнес субъектілері арасынан таңдалды. Іріктеу салық төлеудегі жауапкершілік, бюджетке міндетті төлемдер жасау, салықтық есепті дер кезінде өткізу, салық жүктемесінің деңгейі, өңір бюджетіне қатысу және басқа да қағидаттар бойынша жүргізілді.

Марапаттау рәсімін ашқан департамент басшысы Құлмұханбет Исақов жеңімпаз кәсіпорындардың жұмысы басқа салық төлеушілер үшін үлгі екенін, бюджет алдындағы міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарау мемлекет жағдайының жақсаруына ықпал ететіндігін және оның назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Сонымен, Мемлекеттік кірістер департаментіндегілердің пікірінше, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, «Облыстың үздік салық төлеушісі» атағына «ТК Метакон» ЖШС, «Bericap Kazakhstan» ЖШС және «ФитОлеум» ЖШС ие болды. Ал «JLC Сүт» компаниясы «Үздік сыртқы экономикалық қызметке қатысушы» атанды. Жеңімпаздарға дипломдар мен кубоктар табыс етілді.

«Бұл байқау мемлекет алдындағы міндеттемелерін жауапкершілікпен орындаған жандарға алғыс білдіру үшін ұйымдастырылды, біз лауреаттарға бюджетке, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және облысымыздың жағымды қоғамдық имиджінің қалыптасуына қосқан үлестері үшін алғыс айтамыз. Сіздер мемлекет алдындағы парыздарыңызды толықтай атқарып жүрсіздер, сіздердің арқаларыңызда халқымыздың әл-ауқаты артып, азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсарып жатыр», – деп сөзін жалғады департамент басшысы.

Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы да барлық жеңімпаздарды құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Өңірлік палатаның директоры Ләззат Шыңғысбаеваның пікірінше, бұл марапат – адал және ашық кәсіпкерлерге берілген үздік баға.

«Жыл өткен сайын облысымызда кәсіпкерліктің серпінді дамып келе жатқаны байқалды. Оған қоса бюджетке түсетін салық та өсіп, көлеңкелі экономиканың айналымы азайып келеді. Сол арқылы бизнес өзінің ашықтығын, адалдығын және жауапкершілігін дәлелдеді. Өз кезегінде мемлекеттік құрылымдар да бизнесті дамытуға мүдделі болып, әкімшілік кедергілерді анықтап, азайтулары керек және кәсіпкерлермен сындарлы сұхбат жүргізулері тиіс», – деп атап өтті Л.Шыңғысбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер