«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық өнім сапалы әрі арзан

2016 жылғы 14 Қараша
- Шымкент қаласы
12630 просмотров

Инфрақұрылым нысандарын салуда отандық өндірушілер шығаратын құрылыс материалдарына басымдық беру керек. Кәсіпкерлер палатасының басшылығы тендерге тапсырыс берушілерге осындай талап қойып отыр

Еліміздің ДСҰ және ЕАЭО енуіне байланысты, ҚР заңдарында өзгерістер орын алғаны баршаға мәлім. Халықаралық деңгейдегі міндеттердің жүктелуіне байланысты мемлекеттік сатып алуларда отандық өнімнің болуына қатысты ережелер алынып тасталған еді. Осыған орай, бүгінде мемлекеттік сатып алуларды отандық өніммен қамтамасыз ету мәселесі туындап отыр. Айта кетерлігі, аталған мәселе бойынша атқарыларған жұмыстар баршылық. Бұл ретте, тапсырыс берушілер мен өндірушілердің қатысуымен аталған тақырыпта бірнеше рет түрлі кездесулер өткен.  «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл мәселені назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан, Палата мамандары ОҚО шығарылатын өнім түрлері мен олардың сапасына көз жеткізу мақсатында жобалық мекемелер мен тапсырыс берушілерді облыстың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарына апаруды жөн санаған.

Делегация сапарындағы алғашқы кәсіпорындардың бірі – «Karlskrona LC AB» ЖШС болды. ТМД аумағында көшбасшы болып саналатын әрі еуропалық сапа стандарттарына сай келетін кәсіпорында бүгінде жоғары сапалы сорғыш   құрылғылар шығарылады. Бұдан бөлек, мұнда тапсырысты толығымен орындау циклы да жүзеге асырылып келеді. Ол үшін клиент бар-жоғы тапсырыс берсе болғаны, оның тапсырысына сай қондырғыны жасап қана бермей, оны толығымен өңдеп, монтаждап береді. Делегацияға артезиан ұңғымаларынан суды сорып алу мақсатында қолданылатын сорғыштардың электр қозғалтыштары мен түйіндерінің қалай жиналатыны, басқару шкафтарының қалай құрылатыны көрсетілді. Сонымен қатар, делегация өкілдеріне корпустық тетіктер мен гайкасы бар штуцерлерді шығаратын станоктардың жұмысы таныстырылған. Делегаттар назарынан, қызметкерлер атқаратын жұмыстар да тыс қалмапты. Оларға сынақтан өткізу процесі мен маңызды технологиялық операцияларды орындау барысында бұйымдарды қабылдауға жауапты білікті қызметкерлердің жұмысы да көрсетілген. Қысқасы, зауыт өнімі сапасы жағынан еуропалық өнімнен кем түспейді әрі импорттық баламаларымен салыстырғанда бағасы да тиімді екені анықталды.

«Біз инфрақұрылым нысандарын салу барысында импорт тауарлары қолданылатынын көрдік. Бұл ретте, айтайын дегеніміз, біздің отандық өнімдер де олардан сапа, техникалық сипаты тұрғысынан кем түспейді әрі бағасы да арзан келеді, – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбсары Ғазизбек Нәтбаев. – Әрине, осыдан кейін, неліктен жобаларда біздің бұйымдар, отандық құбырлар мен сорғыштар пайдаланылмайды деген сауалға жауап іздедік. Бұл мақсатта, мердігерлермен де тілдестік. Осылайша, олардың отандық тауарларды сатып алуға әзір екендіктері, алайда, нақты тауар өндірушілер бар екенінен хабарсыз екені анықталды. Олардың арасында, шетелдік тауарлар отандық тауарларға қарағанда сапалы әрі төзімді деген де пікір қалыптасқан.  Сол себепті, Палата отандық өнім сапалы әрі импорттан әлдеқайда арзан екеніне тапсырыс берушілер мен мердігерлердің көзін жеткізу үшін, оларды өнім шығаратын өндіріс орындарына апару туралы шешім қабылдады».

Делегация мүшелеріне «KARLSKRONA LC AB» компаниясының «Бадам» индустриалды аймағында салынып жатқан болат құю зауыты құрылысы да таныстырылды. Осы айдың соңында пайдалануға берілетін кәсіпорында су сорғыштарды құрастыруға қажет бөлшектер шығарылады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, стандарттық емес құрылғылар және  редуктор корпустарын құю ісі де жолға қойылады деп жоспарлануда. Бұл ретте, аталған ақпарат, болашақ тапсырыс берушілер мен инфрақұрылым нысандарын құрылысын жобалаушылар үшін маңызды болып отыр. Инфрақұрылым нысандарына тапсырыс берушілер – облыстық энергетика және ТКШ (Тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық) басқармасы, қалалар мен аудандардағы ТКШ бөлімдері, сондай-ақ, жобалық компаниялар басшыларының қатысуымен өтетін кездесулер  аптасына бір рет ұйымдастырылып, одан әрі өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер