«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлікке деген көзқарас түбегейлі өзгерді

2016 жылғы 11 Қараша
- Қызылорда облысы
9453 просмотров

Қармақшы ауданында өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов аудандық филиалдың 9 айдағы есебін тыңдады

Филиал директоры Жамбыл Жұмабаевтың айтуынша, жыл басынан бастап, Өңірлік инвестициялық орталық қолдауымен, жалпы сомасы 94,8 млн теңгені құрайтын 12 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде, 47 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ, ауданның 18 жобасына 130,18 млн теңге көлемінде арзан несие беріліп, тағы 43 жұмыс орны ашылған. Жалпы сомасы 41 млн теңгені құрайтын тағы 5 жоба қаралу үстінде екен. ««Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында, өткен жылы ауданда бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша, жалпы сомасы 130,4 млн теңгені құрайтын 8 жобаға несие беріліп, 58 адам жұмыспен қамтылды.  Биылғы жылдың 9 айында 5 жоба жалпы сомасы 89 млн теңгені құрайтын несие алды. Нәтижесінде, 61 жаңа жұмыс орны құрылды», – деп мәлімдеді Кәсіпкерлер палатасы Қармақшы ауданы филиалының директоры.

Сонымен қатар, бірыңғай мемлекеттік бағдарлама аясында, мемлекеттік гранттарды беру жөніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен, 2015 жылы жобаларды ұйымдастыру және жүзеге асыру мақсатында 1 жобаға 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал, биыл 8 жобаны жүзеге асыру мақсатында, 5,8 млн теңге қаржы бөлініпті.

«Даму» бағдарламасы аясында, «БанкЦентрКредит» АҚ-ның қызылордалық филиалы арқылы жеке кәсіпкер Серік Ниязбаевтың жалпы құны 10 млн теңгені құрайтын «Балаларға арналған дамыту орталығын кеңейту» жобасы қаржыландырылған. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Клара Жиенбаеваның, жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге тең «Дүкен айналымы құралдарын толықтыру» жобасына да қаржы бөлінген.

Қармақшы ауданы филиалының директоры есеп беру барысында, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын елімізде жүзеге асырылып келе жатқан әлеуметтік-маңызды мемлекеттік бағдарламалардың бірі деп атады. «Жыл сайын аталған бағдарламаны іске асыру үшін, қыруар қаржы бөлініп келеді. Осының арқасында, ауылдың жұмыссыз тұрғындары  өз бизнестерін ашу үшін микронесиелер алып жатыр. Жыл басынан бері бағдарламаның екінші бағыты бойынша ауданның 139 тұрғыны жалпы сомасы 330,1 млн теңгені құрайтын несие алды. Нәтижесінде, 174 адам жұмыспен қамтылды. Қызығушылық танытқан тұлғалар үшін кәсіпкерлік негіздері бойынша курстар өткізіліп келеді», – деді Жамбыл Жұмабаев.

Мысалы, 50 млн теңге грант ұтып алған «БадиНур» несие серіктестігі «ІІІ Интернацио­нал» ауылында 100 орындық балабақша салған. Жоба «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында да жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемесінде  27 ауыл тұрғыны жұмыс істейді.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында, кәсіптік техникалық білім беруді дамыту және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету, мектеп оқушыларының кәсіп таңдауына атсалысу, оларды кәсіпкерлік белсенділікке ынталандыру және кәсіпкерлік сауатын арттыру мақсатында Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ашық есік күндері мен дөңгелек үстелдер өткізген. Сонымен қатар, 20 кәсіпкерлік субъектісіне сервистік қолдау көрсету бағдарламасы аясында көмек көрсетілген.

Биыл Кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығы 136 адамға сертификат табыстаған екен. Олардың ішінде 40 сертификат иесі бизнесін енді ашып жатқан кәсіпкерлер.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер