Қонақүй және мейрамхана мамандары бірікті
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен облыста алғаш рет Қонақүй және мейрамхана мамандары қауымдастығы құрылды
Басты мақсат – сала беделін арттыру, тамақтану индустриясын насихаттау, қонақ үйлер, мейманханалар, дәмханалар, барлар, мейрамханалардағы қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін шығармашылық, оқу, мәдени, ұйымдық шараларды жүзеге асыру, сонымен қатар, саланы тиімді түрде дамыту мақсатында қауымдастық мүшелерінің жұмысын үйлестіру.
Мұндай шешім, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Палата алаңында өткен, дөңгелек үстел барысында қабылданды. Әзірге, Қауымдастық мүшесі атануға қонақ үй және қоғамдық тағамтану саласындағы он мекеме ниет білдірген. Олардың пікірінше, мұндай коммерциялық емес ұйым құру идеясы, аталған сала өкілдерін одан сайын ұйыстыра түседі.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында, Қауымдастық қызметі, алда атқарар жұмыс жоспарлары, бірлестіктің басым бағыттары мен әлеуеті, нормативті-құқықтық қырлары талқыланды. Сондай-ақ, Қауымдастық төрағасы тағайындалды. Осылайша, дауыс беру нәтижесінде, қаладағы белгілі бизнесмен, «Жарқын» кешенінің қожайыны, кәсіпкер Боркен Кәкпенов Қауымдастық төрағасы болып сайланды. Кәсіпкердің айтуынша, қонақ үй саласы мамандары арасында, бүгінде екі өзекті мәселе бар екен. Олардың бірі – баға саясаты болса, екіншісі – мамандар тапшылығы. Ал, бірлесе отырып, аталған мәселелерді шешу жеңіл әрі тиімді болмақ, дейді кәсіпкер.
«Қауымдастық құру туралы идея бұрыннан келе жатқан ой болатын. Қазіргі таңда, ел экономикасының маңызды секторы болып саналатын салада түйткілді мәселелер жетіп артылады. Яғни, ол мәселелермен жеке адамдар да бетпе-бет келіп отыр деген сөз. Бұл ретте, Палата, өз тарапынан бірлестік бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетпек. Бұдан бөлек, болашақта, бірлестік мүшелерін дуальды білім беру жүйесіне тарту көзделіп отыр. Дәлірек айтсақ, бұған студенттердің кәсіби деңгейін бағалау, сала беделін арттыру мақсатында түрлі байқаулар, іс-шаралар ұйымдастыру, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу және т.б. ауқымды істерге сала мамандарын тарту көзделіп отыр», – деді ӨКП директорының орынбасары Айжан Тәжмиева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: