Кооперация құрмай, кең нарыққа шыға алмаймыз
Шаруа қожалықтарын біріктіретін кооперациялардың даму келешегі Оралда өткен Кәсіпкерлер форумында егжей-тегжейлі талқыланды
ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев форумда қазақстандық кәсіпкерлер үшін ашылып жатқан мүмкіндіктер туралы айтты. «Біз үшін ұзақ уақыт жабық болып келген Қытай нарығына енді белсенді түрде шыға аламыз. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі келіссөздерден кейін, біздің тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік ашылды, – деп атап өтті ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары. – Етке, сұйық майға, жүгеріге, балыққа, зығырға және кондитерлік өнімдерге сұраныс бар. Мәселен, ҚХР 70 млн тонна сояны, негізінен, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан импорттайды. Осындай үлкен нарыққа шығу үшін, Ұлттық палата Қытай тарапының барлық талаптары мен стандарттарын жинады, олар қазір қазақ және орыс тілдеріне аударылып жатыр, кейін ҰКП-ның www.palata.kz сайтына жарияланады. Біздің өндірушілеріміз тек соларды қатаң сақтаулары керек. Ал біздің өнімдеріміз жоғары бағаланады. Өйткені ол экологиялық таза, табиғи, қауіпсіз болып саналады». Бірақ оның айтуынша, «экспортты қарқынды жүзеге асыру үшін тасымалданатын тауардың қажетті көлемін қамтамасыз ететін кооперация қажет».
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар Омаров та кәсіпкерлердің назарын шаруа қожалықтарын кооперациялау мәселесіне аударды. «Батыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы басым сала болып саналады. «ҚазАгро» бөлген микронесиенің арқасында «Ынтымақ» (ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту), «Игілік» (ауылшаруашылық малдарын өсіру), «Бірлік» (сүт қабылдау бекеттерін құру) және «Береке» (отбасылық мал бордақылау алаңдары) сияқты бірлестіктер жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде құрылған кооперативтерді қолдауға арналған. Ауылдағы кооперативтерді ынталандыру мақсатында пилоттық жобаларды іске асыру үшін, Батыс Қазақстан облысында 4 ауылдық округ іріктеліп алынады, олардың әрқайсысында 20 шаруашылықтан бар. Қаржыландыру 50 млн теңгеге дейін жетеді деп жоспарланып отыр, несиенің мөлшерлемесі 6% болады».
Бұл ақпарат, әсіресе, кәсіпкерлердің аудандық кеңестерінің өкілдерін қызықтырды. Олар оны әр аудандағы шаруа қожалықтары басшыларына жеткізулері тиіс.
Кооперацияның тағы бір түрі – кластерлер, оларға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Өнеркәсіптік және инвестициялық саясат департаментінің директоры Нұрлан Сақуов айтып берді. «Қазақстан кластерлік даму жолын таңдады. Кәсіпорындар бәсекеге қабілетті болуы үшін кооперативтерге бірігулері қажет. Жақында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік қолдау бағдарламасынан үмітті кәсіпкерлер үшін алты кластер бойынша байқау жариялайды, – деді Нұрлан Сақуов. – Еліміздің әр өңірі іріктеу комиссиясына өз аумағында кластер құру жобаларын ұсына алады. Комиссия кәсіпорындардың арасындағы тығыз байланыстарды, кластерлердің өміршеңдігін бағалайды».
«Жаңа заң шаруалардан жер телімдерін біріктіруді талап етпейді, – деді форумға қатысушыларға Нұржан Әлтаев. – Бірлестік дегеніміз жекеменшік шаруашылықтарды бір-біріне қосу деген сөз емес. Кооперация нақты міндеттерді шешу үшін қажет, негізінен, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің негізгі мәселесі – өнімдерді сатып өткізу, ішкі және сыртқы нарыққа шығуды қамтамасыз ету».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: