«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тәуелсіз сарапшылар жаңа жүйені назарда ұстайды

2016 жылғы 09 Қараша
12348 просмотров

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының өкілдері мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы сатып алулар жөніндегі комиссия отырысында өз жұмыстарының қорытындыларын жариялады

Биыл жоспарланған мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемі 3,8 трлн теңгені құраған. Бұл ретте, 2,6 трлн теңгені құрайтын келісімшарттар жасалған екен. «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының сатып алулар жоспары 2016 жылы 4,4 трлн теңгені құраса, оның ішінде, іс жүзінде 2,7 трлн теңгенің келісімшарты жасалған.

Айта кетейік, әкімдік өкілдерінің қатысуымен өтетін өңірлік комиссия отырыстарында, тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасында кездесулер өткізіліп, отандық өнімнің таныстырылымы өтеді. Сондай-ақ, сатып алулар кезінде кәсіпкерлер бетпе-бет келетін проблемалар талқыланып, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында, оларды бірлесе отырып шешу жолдары қаралады. Бүгінгі күнге дейін өңірлік комиссия түйткілді мәселелерді қарау үшін 130 отырыс өткізген екен.

Өңірлік комиссия атқарған жұмыстар барысында, отандық тауар өндірушілерден квазимемлекеттік секторда 153 млрд теңгеге, мемлекеттік сатып алулар саласында 228 млрд теңгеден астам сомаға өнім сатып алу туралы кеңес берілген.

Жергілікті тауар өндірушілердің мүддесін қорғауда Алматы қаласындағы комиссия ерекше жұмыс істеді. Себебі, өңірлік комиссия 720 кәсіпорынның мүддесін қорғаған. Оның ішінде, 495 отандық тауар өндіруші бар. Сонымен қатар, жалпы сомасы 3,3 млрд теңгені құрайтын, отандық өнімге ұқсас импорттық тауарлардың 68 фактісі анықталып, 42 млрд теңгені құрайтын ОТӨ сатып алуларына көмек көрсетілген. Бұл ретте, тауарлар арасында қазақстандық тауарлар үлесін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Оның ішінде, құрылыс саласы бойынша – 70%-дан кем емес, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында – 85%, білім беру – 80%, табиғатты қорғау  қызметі және ауыл шаруашылығы  саласында –  80%-ға дейін арттыру мақсат етіліп отыр.

Осы мақсатта, Шығыс Қазақстан облысының құрылыс саласында тендерден кейін бақылау жүргізу тәжірибесі енгізілген екен. Жұмыс комиссиясы бас мердігерлерге, нысандарды салу барысында отандық тауар өндірушілердің тауарларын пайдалануға кеңес береді екен. Комиссия жұмысы аясында, ШҚО облыстық әкімдігінің құрылыс басқармасы сайтында, өңір компанияларының баға ұсыныстары көрсетілген,  тауар және қызметтердің тізімі жарияланған. Бұл ретте, сайт мәліметтері үнемі жаңартылып отыратынын ескерген абзал.  Осыған орай, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы, тапсырыс берушілерге жеткізушілер іздеу жұмысын жеңілдету мақсатында, құрылыс материалдарын шығарушы отандық тауар өндірушілердің тізімі мен баға ұсынымдары енгізілген Бірыңғай ұлттық реестрін құру туралы ұсыныс айтты.  Осылайша, тендерден кейінгі бақылау тәжірибесі барлық өңірлерге енгізілуі әбден мүмкін.

Ал, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасынан, Өңірлік даму картасы базасына аймақтағы тауар жеткізушілер, атқарылатын жұмыстар мен қызмет түрлері туралы қолданыстағы мәліметтерді біріктіру жайлы ұсыныс келіп түсті. 

Кездесу барысында, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов, өңірлердегі жұмыстар бір жолға қойылғандығын, дегенмен Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.

Елдос Рамазановтың айтуынша, кәсіпкерлермен жүргізілетін күнделікті жұмыстан бөлек, сатып алулар саласындағы өзекті мәселелер шешіліп жатыр. Осылайша, тәуелсіз салалық сарапшылар институты өз жұмысын бастаған. Мұндағы басты мақсат –  сатып алулардың жаңа жүйесі аясында, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жүргізетін, жалпы сомасы  250 млн теңгеден асатын, техникалық сипаттағы жобаларды жасау ісіне қатысу.

Сонымен бірге, салалық қауымдастықтармен бірге, ұлттық режимнен, отандық тауар өндірушілердің қолдау мақсатында, ЕАЭО алдындағы халықаралық міндеттерді ескере отырып, тауар, жұмыс және қызмет түрлерін алып тастау көзделіп отыр.

Тағы бір айта кетер жайт, сатып алулардың Бірыңғай мәліметтер базасын, тауар, атқарылатын жұмыс және қызметтердің бірыңғай классификаторын құру  үшін, ҰКП базасында онлайн-режимде, мемлекеттік сатып алулардың, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың және жер қойнауын пайдаланудағы сатып алулардың ақпарттық жүйесін интеграциялау мәселесі қаралып жатыр. Аталған интеграция сатып алулар мен баға мониторингісін жүргізіп, жемқорлыққа жол беру қаупі жоғары сатып алуларды анықтауға жол ашпақ.

Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор сатып алуларындағы лауазымды тұлғалар жауапкершілігін күшейту және сатып алулардың ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Бұдан бөлек, индустриалды сертификатты қолға алу жұмыстары да өз жалғасын табуда. Бұл ретте, индустриалды сертификатты тауар өндірушінің нақты мәртебесін растайтын құжат ретінде, заң негізінде бекіту көзделіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер