«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұржан Әлтаев: Жаңа бағдарлама алдағы бес жылдағы агроөнеркәсіп кешенінің даму жолын айқындайды

2016 жылғы 08 Қараша
9115 просмотров

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдасамын талқылау барысында салалық қауымдастықтар мен одақтардан және кәсіпкерлерден 60-тан астам ұсыныс түскен

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды. ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, Ұлттық палата Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдық жобасын қызу талқылаудан өткізді. 

«Салалық қауымдастықтар мен одақтардан түскен ескертулер мен ұсыныстар мемлекеттік бағдарламаны жасаушы тарапқа жіберілді. Агробизнеспен сындарлы сұхбат құру мақсатында, Facebook әлеуметтік желісінде «Атамекен. Қазақстандағы агросұхбат» тобы ашылды. Кәсіпкерлер барлық қажетті ақпаратты, саll-орталықтың 8-800-080-80-10 нөміріне қоңырау шалып немесе agrodialog@palata.kz электрондық мекенжайына ұсыныстарды жіберу арқылы ала алады. Міне, бүгін де, бірлесе әрі ашық сипатта шаруаларға арналған жаңа құжат тұжырымдамасын талқылауға жиналып отырмыз. Бұл құжат қандай күйде қабылданса, онда қандай қолдау түрлері көрсетілсе, алдағы бес жылдағы агроөнеркәсіп кешені солай дамитын болады», - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.    

Бизнес-қоғамдастық жағы болса, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың тиімділігін арттыруы және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты үлес қосуы ықтимал бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.

Мәселен, Қазақ мақта қауымдастығы осы уақытқа дейінгі құрамдас субсидиялау түрін сақтап қалуды сұраса, балық шаруашылығы өкілдері Тұжырымдамадан аталған саланың дамыту бағыттарының айқындалмағанына алаңдаушылық білдіруде. Бірнеше кәсіпорын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде сумен қамту құрылымдарын салып, суармалы сумен қамтуды өтінсе, біраз шаруа қожалықтары білікті кадрлардың тапшылығына қынжылуда.   

«Атамекен» ҰКП Төралқасы жанындағы Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, Қазақстанның ауылшаруашылық саласы бойынша әлем мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы орны жайлы сұрақ қойып, Дүниежүзілік сауда ұйымындағы мемлекеттік дотация тұрғысында саланың қаржыландырылуы жайына тоқталды. Оның ойынша, ауыл шаруашылығын ғылыми зерттеуге мемлекет қайтарымсыз грант бөлу керек.

«Ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірудегі кедергілер алынып тасталуда ма, тәуекелдер мен жауапкершілік қалай қарастырылады?», – деген сауал тастады ол.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Тұжырымдама егжей-тегжейлі өңделіп, жалпылама жазылған 13 міндет екі есеге қысқартылып, көзделген көрсеткіштердің нақтыланғанын айтты.    

Кооперация туралы мүлде жаңа заңның іске қосылғанын еске сала келе, «Бюджетті жоспарлау барысында қазіргі дағдарыс жағдайы тұрғысынан ескеріледі. Әзірге «Агробизнес-2020», су ресурстарын басқару бағдарламаларына есептелген қазына қаржысынан аспауға тырысып отырмыз. Ғылыми тақырыптар бизнеске қызық болмаса, қаржыландырылмайды. Кооперация жөнінде ұсақ тауар өндірушілерді қолдағымыз келеді. Себебі ол өнімдер өңделмейді, қосымша құн қосылмайды, ал ірі кәсіпорындар шикізат болса да, толық жүктемемен жұмыс істеп тұрған жоқ. Халықтың тең жартысы ауылда тұратынын ескерсек, ауылдағы ағайынды тиімді жұмыспен қамтып, өткізу нарықтарын қалыптастыру қажет. Ұсақ жеке шаруашылықтарды, мысалға артылған сүтін сатып, қосымша табыс табуға ынталандырмақпыз. Ол үшін шағын зертханалар, жем-шөп цехтары ашылады, құрал-жабдық алынады. Сөйтіп кооперативтерге қызмет көрсетудің толыққанды циклы қалыптасады», – деп түсіндірді вице-премьер.        


Еншілес ұйымдар

Серіктестер