Кәсіптік білім мәселелері қамтылады
Солтүстік Қазақстанда дуалды білім беруді дамытуға арналған Master.kz атты жаңа интернет-басылым ашылды
Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған үйлестіру кеңесінің кезекті жиналысында айтылды. Қазіргі таңда сайт заңды тіркеуден өтіп жатыр. Master.kz – бұл Кәсіпкерлер палатасы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ бірлесіп қолға алған ортақ жоба. Басты бағыты – облыстағы өткір мәселелердің біріне айналған кәсіптік-техникалық білім беруді дамытудың маңыздылығын түсіндіру. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті нарық талабына сай жаңа мамандықтар ашып жатыр, олар: «мәдени-сауықтыру жұмысы», «мал шаруашылығы өнімін өңдеу технологиясы», «азық-түлік өнімдерін өңдеу технологиясы» сынды мамандықтар. Алғашқы түлектер келесі жылы дипломдарын алмақ. Университет кәсіпорындардың базасы негізінде 18 кафедра ашуды жоспарлап отыр.
Дуалды білім беруді дамытуға Кәсіптік бағдарлау орталығы да үлкен үлесін қосып жатыр. Мектеп қабырғасында жүрген оқушыларға мамандық таңдауға көмектесу – орталық мамандарының мақсаты. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Балаларға қала аумағындағы кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылып, мотивациялық фильмдер көрсетіледі, әр айдың 10 жұлдызында орталықта Ашық есік күндері өтеді.
Кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы барлық жаңалықты енді осы бір сайттан біліп отыруға болады. Master.kz колледждер үшін де, білікті маманға зәру кез келген кәсіпорындар үшін де өте пайдалы. Ата-аналар мен оқушылар сайттан өздеріне көптеген пайдалы дүниені табады дейді ұйымдастырушылар.
Солтүстік Қазақстан Кәсіпкерлер палатасы базасында «Жас кәсіпкерлер клубы» ашылмақ, онда облыстың тәжірибесі мол кәсіпкерлері жастарға арнап кеңес беретін болады. Ісін енді бастаған жас кәсіпкерлер өз тәжірибесімен бөлісе алады. Ұйымдастырушылар бұл алаңда негізінен жетім балаларға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
Сайттың сілтемесі: http://master.ipksko.kz/ru/
Пікір қалдыру:
Пікірлер: