«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мерекелік пойыз ел аралап жүр

2016 жылғы 08 Қараша
- Павлодар облысы
6574 просмотров

«Тәуелсіз Қазақстан» ақпараттық үгіт-насихат пойызы Павлодар облысына келді

Делегация құрамында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, еліміздегі сегіз министрліктің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, дәрігерлер, мұғалімдер мен заңгерлер, әлеуметтік саланың мамандары, «Қазақстан темір жолы» мен «Қазагро» АҚ холдингтерінің қызметкерлері бар.

Басты мақсат – құқықтық және медициналық, консультациялық көмек ұсыну және қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты ақпарат беру.

Осылайша, өңір тұрғындары үшін, әр адам көкейде жүрген сауалын жолдай алатын қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды. Бұл ретте, тұрғындар бизнес жайлы да өз сауалдарын қоя алды.

Мәселен, қоғамдық қабылдау көмегіне Павлодар қаласы тұрғыны Фарида Иманқұлова жүгінді. Ол ұлттық киімдер тігумен айналысуды қолға алып, осы бағыттағы өз бизнесін ашуды армандайды екен. 

«Пойыздың келгені туралы білдік. Кеңес алу үшін осында келдім. Ал, көмекке жүгінгендер көп екен, барлық жерде кезек күтіп тұрғындардың қарасы қалың. Алайда, уақытым зая кетпеді. Маған өз бизнесімді ашу үшін, не істеу керектігі туралы толық ақпарат берді», – деді өз ісін бастамақ болған өңір тұрғыны.

Келіп түскен сауалдар арасында мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсары, субсидия алу шарттары, кәсіпкерлік негіздерін оқу мерзімі туралы сұрақтар да болды. Барлық сауалдар бойынша, Кәсіпкерлер палатасы өкілдері толық әрі жан-жақты жауап ұсына білді.

Үгіт-насихат пойыз қатысушылары облыстық Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен де кездесу өткізді. Онда шағын және орта бизнесті қолдауға арналған «Бизнестің жол картасы-2020», «Сарыарқа» бағдарламалары таныстырылып, «Start up Bolashak» байқауына қатысу шарттары түсіндірілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікке қаржылық емес қолдау көрсету тетіктері туралы да айтылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы дирекоры Серік Байсейітовтың айтуынша, аталған шара Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған екен.

«Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары көптеген жетістіктерге жетті, оның ішінде бизнес саласы да бар. Көптеген көрсеткіштер бойынша біз әлемнің бірқатар дамушы елдерінен алда келе жатырмыз. Біз әлемнің 50 дамыған елдері қатарына еніп, «2030» стратегиясын мерзімінен бұрын іске асырдық. Сондай-ақ, «Стратегия-2050», «Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» бағдарламаларын жүзеге асыра бастадық. Бүгінде Қазақстан даму және жандану көрсеткіштері бойынша ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Алда атқарылатын жұмыс әлі көп және біз, елдің ірі бизнес-қауымдастығы ретінде, кәсіпкерліктің қазақстандық үлгісін одан әрі жетілдіру жолын жалғастыруға әзірміз», – деп атап өтті С.Байсейітов.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қарашада Астанадан шыққан пойыз 43 күн бойы іссапарда болады. Осылайша, ақжолтай керуен елдің 35 қаласы мен елдімекендерін аралайды деп жоспарланып отыр. Акция 14 желтоқсанда ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында Алматыда өз мәресіне жетпек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер