«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық өнім әлем дастарқанына жол тартады

2016 жылғы 08 Қараша
- Ақтөбе облысы
4673 просмотров

Ақтөбенің тарысы Италияда өткен халықаралық көрмеде таза аграрлық өнім ретінде жұрт назарына ұсынылды

Ақтөбе облысы Сарбие ауылдық округінің «Жақып» шаруа қожалығы таяуда Турин қаласында өткен халықаралық аграрлық көрмеге қатысып қайтты.  160 мемлекет қатысып, бас қосқан үлкен жиында әр ел өзінің таза аграрлық, табиғи тағамдарын таныстырды.

Шаруа қожалығы бұл әлемдік шараға Астанада ауыл шаруашылығы өкілдері қатысқан халықаралық конференциядан кейін жолдама алған. Сол жиында тағамның құндылығы, адам ағзасына тигізер пайдасы талқыланып, химиялық қоспасы жоқ таза өнімдер таныстырылған еді. Жұртшылық назарына «Жақып» шаруа қожалығын тарысы да ұсынылған болатын. Шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақып тары дақылын зерттеу жөніндегі халықаралық ұйымның мүшелігіне өтіп, тарының тағамдық құндылығын терең зерттеу жұмыстарына қатысқан.

«Италия сапары біз үшін жаңа тәжірибе, жаңа бастама болды. Көрмеге тары, талқан апардық және жент те жасап алдық. Шетелдіктер үшін біздің тары жаңалық болды. Тарының 200 грамын 1 еуродан, бір қорап жентті 6 еуродан алды, осылайша алғашқы күні-ақ әп-сәтті 30 келі тары сатылып кетті. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея кәсіпкерлері біздің тарыға қызығушылық танытты. Сол елге шақырту алдық. Сапарамыз 2017 жылдың қараша айына жоспарланып отыр. Бұйырса, келісімшарт жасау жоспарымызда бар. Қазір Италиямен де, Кореямен де келісім жасау үшін құжаттар реттелуде. Өндірісімізді әлемдік стандартқа сай реттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақып.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ұтып алған 2,7 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грант жеке суару техникалары мен тарыны өткізу үшін қаптайтын станок сатып алуға үлкен демеу болған. Бүгінде шаруа қожалығы тарыны өткізу үшін берілетін мемлекеттік сертификатқа ие және болашақта арнайы патент алуға да құжаттар тапсырған.

Жоғары сапалы өнімді экспортқа шығаруға кіріскен шаруа қожалығының биылғы жиын-терімі де көңіл қуантарлықтай. Шаруалар тары егуде екі түрлі әдісті қолданған: бірі қырдағы алқапқа үйреншікті әдіспен егілсе, екіншісі – суармалы әдіспен. Нәтижесінде, қырда егілген тары түсімі суармалы жердің өнімінен аз шыққан. Алғашқы рет қолға алған суармалы әдіспен егілген 10 гектар алқаптан 21 центнер тары жиналған. Суармалы әдістің тиімділігіне көз жеткізіп, қол үйреткен шаруалар суармалы жерді ұлғайтып, егіс көлемін кеңейтуді мақсат тұтып отыр. Себебі, тарымен қатар егілген картоп және тағы басқа бақша өнімдері аудан көлемінде жақсы сұраныста.

Тарының тұтынушы көңілінен шығуы үшін тағы бір ерекше тәсіл де қолданылады. Ойылдың тарысынан жент жасалып, сырты шоколадпен қапталады. Осындай ұлттық тағамды заманауи әдіспен түрлендірген шаруалар Ресейге экспортқа шығарып отыр. Тіпті, бүгінде Италия жұртшылығы да жентке деген ыстық ықыласын танытқанын келтірдік. «Жақыптың» тары жармасы – отандық жаңа өнімнің сапалы шикізаты. Ал шоколадты жент Ақтөбенің жаңа дәміне айналды.

Индира Кереева


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер