«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруаларға берілетін шағын несие көбейеді

2016 жылғы 07 Қараша
7080 просмотров

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер үшін өндіріс көлемін кеңейтуге мүмкіндік туды

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арналған шағын несие көлемі үш есе өсуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті. Palata.kz тілшісіне сұхбат берген министр микронесиелендіруге егжей-тегжейлі тоқталып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2016 жылы шағын несиенің ең жоғарғы көлемі 6 млн теңгеге тең болғанын еске салып өтті. Мұндай несиелер қазір пилотты режимде бес облыста: Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында ұсынылуда. «Қазір ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында шаруалар ауылшаруашылық кооперативтеріне біріксе немесе өздерінің жеке қосымша шаруашылықтары базасында шағын тауарлы өндіріс ашатын болса, 7 жылдық мерзіммен 16 млн теңге алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді министр.

Жалпы алғанда, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі келтірген мәлімет бойынша, биылғы жылы микронесиелендіруге «30,8 млрд теңге бөлінген».

«Өткен жылдардағы тәжірибе көрсетіп отырғандай, бағдарламаға қатысушылардың 79%-ы микронесиені ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына пайдаланады екен, өйткені ол ауылдықтар үшін түсінікті және қолжетімді бизнес. Сондықтан осы жылы ауылшаруашылық кооперативтеріне бірігуді және жеке қосалқы шаруашылық базасында шағын тауарлы өндіріс құруды ынталандыру үшін, шағын несиелердің көлемін 6 млн теңгеге дейін арттырдық», – деді Тамара Дүйсенова.

Үкіметтегілер кооперация «жем-шөп дайындау және өнімдерді өткізу мәселелерін бірлесіп шешуге, еңбек өнімділігін қамтамасыз етуге, соған сәйкес, ауылдастары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға» көмектеседі деген үмітте. «Бұл мақсатқа бөлінген жалпы соманың 10 млрд теңгесі бағытталды», – деді министр.

Осы жылы микронесиелерді 9 мың қазақстандық алады деп жоспарланып отыр, соның есебінен кәсіпкерлер қосымша 12 мың жұмыс орнын ашпақ. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметтер бойынша, 6 834 микронесие беріліп үлгеріпті, соның 89%-ы ауыл шауашылығында пайдаланылған.

Бұдан бөлек, жұмысбасты және жұмыссыз тұрғындардың арасынан жеке кәсіпкерлер дайындап шығару жұмыстары жалғасып жатыр, олар да жеңілдігі бар микронесие иелене алады.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер