«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тендерде әділ жеңу мүмкін бе?

2016 жылғы 04 Қараша
- Шымкент қаласы
13820 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Құқық қорғау кеңесінің кезекті отырысында кәсіпкерлер мен шенеуніктер осы сауалға жауап іздеді

Бұл жолы Кеңес жиынында облыстағы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратын жалғыз мекеме – «ОҚО Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің заңсыз әрекетінен қорғауды өтінген төрт бірдей кәсіпкердің шағымы қаралды.

Биыл тендерге қатысқан компаниялардың («Промстройсервис.Е», «Авто-Б.А.Н.», «Берен», «Улмад») бәрінің өтініштері мемлекеттік сатып алу заңнамасына сай келмейді деп кері қайтарылып, байқаулар өткізілмеді деп танылған. Әрине, кәсіпкерлер өкілетті органға – ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ОҚО бойынша Ішкі аудит департаментіне  шағым түсіреді. Департамент камералды бақылау жүргізіп, кәсіпкерлердің шағымындағы мемлекеттік сатып алу басқармасы жағынан жіберілген заңбұзылушылықтарды растады: байқауға берілген өтініштерді кері қайтаруы заңсыз деп танылды. Тоғыз байқаудың өтініші негізсіз кері қайтарылған және басқа да заңбұзушылықтар анықталған. Соған қарамастан байқау жалғаса берген.

Палатаға жолданған шағымдар статистикасына көз жүгіртер болсақ, онда ОҚО бойынша мемлекеттік сатып алуға түскен шағымдар екінші орынға шыққан, бірінші орында жер қатынасына қатысты заңбұзушылықтар тұр. Бұл мәселе осы саладағы бірқатар түйткілді мәселелердің бетін ашты: оңтүстікқазақстандық шенеуніктер заңдағы кез келген кемшілікті пайдаланып, тендерлерді әдейі тоқтатып, сосын сол арқылы тек бір мекемеге сатып алуды рәсімдеген. Мұның барлығы бірнеше қатысушының пайдасына шешіліп отырған.

Жемқорлыққа жол беретін ереже

«Берен» ЖШС атты ірі құрылыс компаниясы былтырдан бері құрылыс саласы бойынша 28 тендерге қатысып, бірде бір рет жеңе алмапты. Компанияның материалдық-техникалық базасы, барлық техникалары, бірінші санаттағы құрылыс лицензиясы, білікті мамандары, аурухана, мектеп, балабақша, гидроқұрылыс салудағы көпжылдық тәжірибесі болса да, байқаудан өте алмаған. Компанияның өтініштері кері қайтарыла берген. Тендер өтпеді деп саналып, ол бір көзден берілген.

«Бізде әділетті жолмен мемлекеттік сатып алуды жеңуге болады ма өзі? – деді Кеңес жиынына қатысқан компания өкілі Гүлмира Әбішев. – Не себепті өтінішіміз кері қайтарылғаны түсіндірілмейді. Біз 9 рет қаржылық бақылау органына шағым түсірдік, оның 4-іне жауап алдық. Қаржылық бақылау органының жауабы өте баяу келеді. Мәселен, сәуір айында жазылған шағымға жауапты тек шілде айында алдық, ол кезде барлық тендер атаулы өтіп, құрылыс басталып кеткен. ОҚО-да шағымдану жүйесі мүлде жұмыс істемейді».

Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары мен бизнесмендер мемлекеттік сатып алуда отандық кәсіпкерлердің қатысуына қолдан жасалатын кедергілер туралы да айтты. Кең таралған тәсілдің бірі – тауар, жұмыс, қызметтерді сатып алу талаптарын қиындатып жібереді. Алдын ала жіберілген рұқсатнамада көрсетілмеген ескертпелерге сүйенеді. Ал, сатып алу жөніндегі заң бойынша, егер алдын ала рұқсатнама берілген кезде аталмаған ескертпелер орын алмаса, онда байқау комиссиясының өтінішті кері қайтаруына құқы жоқ.

Сондай-ақ сметада көрсетілмеген кейбір машиналар мен механизмдердің, құрылғылардың заңсыз техникалық құжаттарын талап етеді. Сатып алу заңы бойынша талаптың бәрі жұмыс жобасының ресурстық сметасына сай болуы керек. Құрылыс жобасына керек емес мамандардың санына қатысты да заңсыз талаптар қойылған.

Кеңес жиынына қатысқан кәсіпкерлердің сөзіне құлақ түрсек, тендерлерді көбінесе жауапты шенеуніктердің жақындары мен туыстары ғана жеңіп алады. Бір көзден жүргізілетін сатып алу тендерлерді әділетсіз өткізуге, жемқорлыққа жол ашады.

Жағымсыз дерек

ОҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кеңесте мынадай статистиканың шетін шығарды. ОҚО Мемлекеттік сатып алу басқармасының жыл басынан бергі жалпы сомасы 100 миллионнан асатын тендерлердің қортындысына сараптама жүргізу нәтижесінде, тендерлердің 70%-ы (49 тендер) сырттай өткізілмеген деп танылып, іштей жалғыз қатысушы тәсілімен өткізілгені анықталған. Тендерге қатысушы компаниялар байқауға жіберілмеген. Бірақ барлық жағдайда тек бір компания лайық деп танылып, рұқсат алып отырған. Яғни, тек сол үшін ғана тендер бір көзден жасалатын тәсілмен өткізілген.

Кәсіпкерлер палатасы шағымдарды негізге алып, прокуратураға хат жолдады, онда Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның ОҚО бойынша департаменті мен облыс әкімінен ОҚО Мемлекеттік сатып алу басқармасының байқау комиссия мүшелеріне қатысты шара қолданылуы, бұдан былай байқауларды ҚР «Мемлекеттік сатып алу» заңына сай өткізу сұралады. Бұл хатқа ОҚО әкімдігінен ресми жауап келді, ал облыс прокуратурасы Департаменттен заңбұзушылықтың алдын алу үшін ешбір шара қолданбаған қызметкерлерді тәртіптік жауапқа тарту талап етті.

Құқық қорғау кеңесінің отырысында жинақталған барлық материалдар облыс прокуратурасына, Мемлекеттік қызмет және жемқорлықпен күрес агенттігіне, Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға, Президент жанындағы бизнес-омбудсменге жіберілді. Олардан істің мән-жайын анықтап, шара қолдануы күтіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер