«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Беларусь бизнесмендерінің «берері» көп

2016 жылғы 01 Қараша
- Павлодар облысы
10523 просмотров

Бүгін Беларусь бизнес-делегациясының Павлодар облысына ресми сапары басталды

Делегация сапары өңір кәсіпкерлерімен кездесуден басталды. Кездесу облыстық Кәсіпкерлер палатасында өтті.

Беларусь делегациясының басшысы, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігінің Сауда-экономикалық қызметінің жетекшісі Геннадий Клыгтың айтуынша, Павлодар облысы экономикалық ынтымақтастықты дамытуда болашағы зор өңір болып саналады.

«Бұл біздің өңірге жасап отырған бірінші сапарымыз емес. Павлодарға келген сайын жақсы әсерде боламыз. Сол себептен бизнес саласында да достық, ынтымақтастық қарым-қатынас орын алғаны бізді қуантады. Біз оны әрі қарай дамытып, нығайтқымыз келеді. Бүгінде біздің делегация тамақ өнеркәсібінен бастап, машина жасауға дейінгі бизнестің түрлі салаларын ұсынып отыр. Бастысы, екіжақты экономикалық қарым-қатынастың дамуына қосымша қарқын беру үшін «түйісу нүктесін» табу», – деді Г.Клыг мырза.

Өңірге жасалған сапар барысында 6 келісімге қол қою жоспарланған. Олардың ішіндегі негізгісі – беларусьтік «Гомсельмаш» ААҚ мен павлодарлық «Агромашхолдинг» кәсіпорны арасындағы құны 45 млн долларды құрайтын меморандум. Бұл меморандум бойынша көліктердің, жабдықтардың және комбайндардың бөлшектері Қазақстанға әкелініп, ары қарай осында құрастырылмақ.

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен «Гомель-Ратон» еркін экономикалық аймағы әкімшілігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою кездесудің маңызды бөлігі болды.

«Аталған келісім өңірдегі бизнес-ортаның өзара ынтымақтастығын дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл меморандум қолда бар әлеует мен инвестициялық мүмкіндіктерді есепке ала отырып, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ынталандырып, өзара бизнес-ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға септігін тигізетіне сенім білдіреміз», – деді  облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Байсейітов.

Кездесу аясында екі елдің кәсіпкерлері арасында В2В форматында келіссөздер өтті. Онда ортақ кәсіпорындар ашу жолдары, Павлодар өңіріне Беларусь кәсіпорындарының озық технологияларын тарту мәселелері қарастырылды.

Беларусь делегациясы «Ертіс Инвест-2016» халықаралық инвестициялық форумына қатысуды жоспарлап отыр. Ол Павлодар қаласында, ертең, 2 қарашада өтеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер