«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Арнайы экономикалық аймақтарды қолдаудың балама жолдары бар

2016 жылғы 01 Қараша
8577 просмотров

Еуразиялық экономикалық одақ қағидаттарына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Арнайы экономикалық аймаққа (АЭА) қатысушылар мен бос қоймалардың иелері үшін кедендік және кейбір салық жеңілдіктері алынып тасталады

Осыған ұқсас міндеттемелерді Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде қабылдаған еді.

Қазіргі экономикалық жағдайда жоғарыда аталған жеңілдіктердің АЭА-ның 43 қатысушысы мен бос қоймалардың 66 иегері (2012 жылға дейін тіркелген және қазіргі таңда жеңілдіктері бар) үшін маңызы зор. Бұл кәсіпорындардың көпшілігі тұрақты жеңілдіктерге иек арта отырып, зауыттар мен фабрикалар салуға қомақты инвестиция құйған. Алайда 2017 жылы аталған жеңілдіктер жойылады, бұл жайт өндірістердің жұмысына кері әсер ететіні сөзсіз. Аталған кәсіпорындардың 20 мыңдай жұмыс орнын ашқанын айта кетуіміз қажет. Белгіленген жеңілдіктердің болмауы сол жұмыс орындарын қысқарту мен өндіріс көлемін азайтуға алып келеді.

Осы жылдың басында Тимур Асқарұлы Құлыбаев өз пікірін білдірген еді: «Баламалы қолдау шарасы ретінде Қазақстанға арнайы инвестициялық келісімшарттар енгізу қажет деп есептейміз, соның аясында АЭА-ға қатысушылар инвестициялық жеңілдіктерге ие бола алады. Осылайша, кәсіпкерлер жоғалтатын қаржыны сақтап қалуға болады. Ол үшін АЭА-ға қатысушыларды 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік баж салықтарынан босата отырып, Кәсіпкерлік кодексіне өзгерістер енгізу керек, бірақ ол үшін биыл арнайы инвестициялық келісімшарттар жасаған жөн».

ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бір жыл бойы баламалы қолдау шараларын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп келді. Түрлі нұсқалар қаралды, соның ішінде шығынды кедендік баж есебінен субсиядиялау, энергия ресурстары мен басқа да шығындарды субсидиялау және тағы басқа амалдар.

Осы маңызды мәселені талқылау мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жақында ҚР Инвестиция және даму министрлігінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігінің, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, қауымдастықтар мен 40-тан астам кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтті. Жиынға селекторлық режимде өңірлер де қатысты.

Жиналысты ашқан «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Дана Жүнісова қатысушыларды АЭА-ға қатысушылар мен бос қоймалардың иегерлерін қолдаудың баламалы шараларын енгізу бойынша жасалған келісімдермен таныстырды.

«Маңызының зор екенін түсіне отырып, ҰКП қаралып жатқан мәселені түрлі алаңдарда бірнеше мәрте көтерді, – деп атап өтті Дана Жүнісова.Ұсыныстарды дайындау кезінде халықаралық тәжірибе, соның ішінде ресейлік тәжірибе зерттелді. Мүдделі тұлғалар келісіп отырғанда, заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жылдамдату керек деп санаймын».

ҰКП басқарушы директоры Әсел Даңғылова әзірленген тәсілдерді таныстыра келе: «АЭА-ға қатысушылар мен бос қоймалардың иегерлері сала құраушы кәсіпорындар болып саналады. Олар машина жасау, автокөлік құрастыру, тамақ өнеркәсібі, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларын дөңгелетіп отыр. Ұсынылған баламалы қолдау шаралары жөніндегі тетіктер кәсіпорындар үшін маңызды, сөз бірқатар салаларды сақтап қалу турасында болып отыр деуге болады», - деді.

Инвестиция және даму министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері ҰКП ұсыныстарын қолдайтындықтарын, ұсынылған шаралар ДСҰ және ЕАЭО шеңберлеріндегі міндеттемелер мен келісімдерге қайшы келмейтінін айтты.

Жалпы алғанда, жиналысқа қатысушылар ұсынылған тәсілді қолдады және оны заңнамалық тұрғыдан бекітуді жылдамдату туралы келісімге қол жеткізді. Дегенмен, қолдау шараларын ұсыну тәртібі мен тетігін егжей-тегжейлі қарастырған абзал.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер