«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тексеріс заңға сай жүргізілсе екен

2016 жылғы 01 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
8811 просмотров

Еңбек инспекциясы басқармасы жоспардан тыс тағайындалған негізсіз тексеріс жүргізу бойынша көш бастап келеді 

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі үнемі кәсіпкерлерге қадағалаушы органдар тарапынан тағайындалатын негізсіз тексерістерді бақылап, сол құқықбұзушылықтардың себебін талдап отырады.

Осы мақсатпен қазан айындағы кеңес жиынына Құқықтық статистика мен арнаулы есеп комитеті басқармасының қызметкерлері шақыртылды. Олар негізсіз тағайындалған тексерістер мен олардың тиімділігі туралы сараптама жасады. 

Құқықтық статистика мен арнаулы есеп комитеті басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Ибрашева тексерістерді тағайындау актілерін тіркеуден бас тарту статистикасын көрсетіп, биылғы анықталған заңсыз тексерістер тізімін келтірді.  

«Статистикалық мағлұматтар бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерістер жалпы алғанда 35 пайызға азайып келе жатқанымен, еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері негізсіз тағайындалған тексерістерді төрт есеге көбейткені көрініп тұр, – деді Гүлнар Ибрашева. – 2016 жылдың өткен мерзімі бойынша Комитеттің қызметкерлері Батыс Қазақстан облысы бойынша бас тарту құқығын пайдалана отырып 19 негізсіз тексерістің алдын алды. Олардың 16-сы шағын және орта бизнес субъектілері. Ал, өткен жылдың осы мерзімінде тек 4 негізсіз тексеріс орын алды». 

Заңсыз тексерістің алдын алу үшін тексерісті тіркеу кезінде одан бас тарту керек. Тексерістен бас тартудың басты себептері тексеріске еш негіз табылмауында болып тұр. Тексерістен бас тартудың тағы бір жолы – тексерілуге тиісті субъектіні заң бойынша хабардар етпеу. Өйткені, қадағалау органы субъектіні жоспардан тыс тексеріс болатыны жөнінде тексеріс басталмай тұрып бір күн бұрын хатпен хабарлап қоюы керек. Тізімдеу актісіндегі ең жиі болатын заңбұзушылықтың бірі – тексеріс тағайындалған субъектінің одан бұрын сол мәселе бойынша бұдан да жоғары орган тексергені туралы жазбаның бола тұра қайта тексеріске ұшырауы.

Кәсіпкерлікті қорғау кеңесінің жиынына қатысқан «Меркурий Wtk» ЖШС директоры Дархан Сариев еңбекті инспекциялау басқармасының әрекетін ашып айтты.  «ЖШС-ға қатысты басқарманың тағайындаған тексерісі биылғы ақпан айынан бері дұрыс жұмыс істеткізбей жатыр, – деді Дархан Сариев. – Бұл тексеріс заңсыз болғаны аздай, өзімнің атыма акт жасатып, жылдың аяғына дейін кешенді тексеріс жасалсын деп тағы тағайындау шығарды».

Кеңес мүшелері кәсіпкердің дәйектері мен еңбек инспекциясы басқармасы бөлімі басшысының дәлелін қатар тыңдады. Облыстық прокуратураға «Меркурий Wtk» ЖШС мен оның директоры Дархан Сариевке қатысты жасалған тексерістің заңдылығын анықтау үшін екінші қайтара хат жазу керек деген шешім қабылданды. Сонымен қатар облыс әкіміне еңбек инспекциясы басқармасының заңсыз тексерістерінің кәсіпкерлік нысандарына тигізіп жатқан зияны туралы ашық хат жазу керек деген тұжырым жасалды.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер