«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Клуб кеңестері кәсіби білікті арттырады

2016 жылғы 31 Қазан
- Павлодар облысы
8880 просмотров

Облыста бухгалтерлер клубы құрылды

Бірлестік қызметі заңнаманың анағұрлым маңызды әрі түйткілді мәселелерін түсіндіру арқылы бухгалтерлер даярлауға және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға, бухгалтерлердің құқықтық санасын көтеруге,  бухгалтерлік және салықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталып отыр.

Клубтың алғашқы отырысы электронды шот фактураларды енгізуге арналды. Оған бизнестің түрлі салаларынан 60-тан астам маман жиналды.

«Біздің міндет – бухгалтерлердің кәсібилігін арттыру, олардың құқықтық сауатын жетілдіру. Бухгалтерлердің жұмысы маңызды болғанымен, бір жағынан аса күрделі. Клуб проблемалық мәселелерді бірлесіп қарауға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорынның қызметін жетілдіруге мүмкіндік туады. Клубқа қатысу арқылы бухгалтерлер бухгалтерлік есеп, аудит, салық салу және қаржылық есеп саласындағы заң жобалары мен нормативті актілерді талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын айта алады», – деді кездесуде облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Байсейітов.

Қазақстан Республикасының аудиторы, кәсіби бухгалтер Светлана Чемасова қатысушыларға заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы әңгімеледі. Нақтырақ тоқталсақ, тізімге енген тауарлар бойынша есепшоттарды кім және қандай шарттар арқылы жасауы қажет екенін айтып берді. Оның айтуынша, шоттар тауар айналымдарын бақылау мақсатында жасалады. Сонымен бірге, аудитор тізімге енген тауарлармен қалай және қай жерден танысуға болатыны туралы ақпаратпен де бөлісті.

Мемлекеттік кірістер органының өкілдері, өз кезегінде, электронды шот фактураларды заңсыз толтыру және көшірме құжаттарды толтыру тәртібін бұзған кездегі жауапкершілік туралы да айтып, осы саладағы заңнамаға енгізіліп жатқан жаңалықтардан хабардар етті.

Талқылау кезінде проблемалық мәселелер де қаралды. Мәселен, бухгалтерлер тауарды тізімге енгізуге қатысты қиындықтармен бетпе-бет келіп жатады екен. Бұл кейіннен тауарды жеткізушілерден қабылдап алып жатқан кезде анықталып жатады.

Екі сағаттық кездесуден кейін бухгалтерлер өз пікірлерімен және әсерлерімен бөлісті. Олар қозғалған тақырыптың өзектілігін атап айтып, көптеген көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер