Мемлекеттік сатып алу: баға демпингіне дауа бар ма?
Меңдіқара ауданының әкімі Виктор Ионенко Кәсіпкерлер палатасынан мемлекеттік сатып алуға қатысатын кәсіпкерлерге баға демпингі түйткілін шешіп беруді өтінді
Әкімнің айтуынша, қазіргі жүйе тек аудандық кәсіпкерлікке ғана кері әсерін тигізіп жатқан жоқ, әрі әлеуметтік жағдайға да залалын келтіріп тұр.
«Баға демпингі шектен шықты. Михайловкадағы Мәдениет үйін қайта жөндеу үшін смета бойынша – 8 миллион 200 мың теңге бөлінген. Тендерді 3 миллион 900 мыңға басқа ауданның кәсіпкері ұтып алды. Яғни, ол біздің ауданның кәсіпорнын ығыстырып шығарды. Құрылыспен айналысатын ол компания енді байқауға қатыса да алмайтын болды. Ал жұмыс нәтижесі қандай болғанын білгіңіз келе ме? Уақыт өтіп жатыр. Жоба дер кезінде бітпеді. Бағаны түсірем деп өзіне ақша жеткізе алмай әуре. Мерзімі тақады, ал құрылыс біткен жоқ», – деді Виктор Ионенко.
Бұл мәселені Кәсіпкерлер палатасы мен аудандық кәсіпкерлердің есептік кездесуінде әкімнің өзі айтты. Виктор Ионенконың айтуынша, Мәдениет үйі – іс жүзінде бір ғана мысал емес.
«Былтыр жеке кәсіпкерлермен бірге автобустардың аялдамаларын орнату бойынша жемісті еңбек еттік. Біз оларды ағаштан жасап орнаттық. Биыл шеттен біреу жеңіп алыпты. Біздің кәсіпкерлер тағы да құр қалды. Біз үнемі отандық кәсіпкерді қолдау туралы айтамыз. Бірақ дейтұрғанмен, жерлестерімізге, ауданның кәсіпкерлеріне қолдау көрсете алмай келеміз. Палатадан заң жүзінде жергілікті кәсіпкерлерге қолдау жасайтындай бір тетікті қарастыруларын сұраймыз. Өзіміздің кәсіпкерлер біздің қазынаға салық төлейді, елді жұмыспен қамтиды», – деді Виктор Ионенко.
«Облыс бойынша демпинг жүзеге асып жатыр, одан қазіргі таңда бүкіл құрылыс компаниялары зардап шегіп жатыр, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов, – Бұл мәселені бүгінгі таңда біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының күн тәртібіне шығардық. Біздің сарапшылар мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс тобының құрамына енді. Сараптама жүргізген кезде, аймақтарға азық-түлік жеткізу бойынша да осындай жағдай орын алып жатыр. Бұл да біздің көңілімізден шықпай тұр. Бұлай кете берсе, біздің мемлекеттік сатып алуға шетелдік компаниялар қатысатын күнде алыс емес. Сондықтан, айтылып отырған жайт өзекті боп тұр. Оны өзіміздің бақылауымызға аламыз».
Биыл шешімін тапқан бірқатар мәселе бойынша Меңдіқара аудандық кәсіпкерлер филиалының директоры Берік Ыбырай сөйледі. Оның айтуынша, кәсіпкер Юрий Казаковқа ішімдік сатуға құқық беретін лицензиялық алымды дер кезінде төлемегені (алты күн) үшін айыппұл салынған, ал сарапшылар оған айыппұл көлемін азайтуға көмектескен. Кәсіпкер сарапшылардың біліктілігінің арқасында ғана аз төледім деп отыр.
«Мен барлық инстанцияларға бардым. Бәріне де жаздым. Бәрі қабылдайды, басын изеп шығарып салады. Бітті. Шара қолданған ұйым тек – Кәсіпкерлер палатасы болды. Осында отырған барлық әріптестеріме айтарым: «Қиындық туса – Палатаға барып жүгініңдер», – деп кәсіпкер Юрий Казаков жүрекжарды тілегін жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: