«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Әзірбайжан Қазақстан астығына қызығады

2016 жылғы 28 Қазан
- Батыс Қазақстан облысы
9581 просмотров

Екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін облыстағы мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері Әзірбайжаннан келген делегация мүшелерімен бірге Өңірлік кәсіпкерлер палатасында талқылады

Делегация құрамында – Ақтау қаласындағы бас консул Эльхан Зейналов, Әзірбайжанның бизнес-инвестициялар қауымдастығы президенті Гюндуз Маммадли, Ақтау қаласындағы логистикалық орталық өкілі Алекбер Мурадов, Елшілік жанындағы Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжанның ІІМ өкілі Насими Шикаров, диаспора ұйымының өкілі Эльдар Ахмедов болды. «Батыс Қазақстан облысы – жоғары экономикалық әлеуеті бар, жан-жақты дамып жатқан өңір болып табылады, – деді Әзірбайжанның төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов. – Біздің кездесуіміздің басты мақсаты – өзара сауда, инвестиция көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу болып табылады. Біз облыс басшыларымен кездесіп, БҚО бойынша Қазақстан халықтары Ассамблеясында болдық. Біз Қазақстанға өз өнімдерімізді экспорттағымыз келеді және БҚО-дан Әзірбайжанға келетін тауарлар легін реттегіміз келеді. Оның ішінде дайын өнімдер де бар. Бұл мақсатта барлық жағдайлар жасалған: саяси еркіндік бар, заңнамалық база әзірленген. Бүгін біз Әзірбайжанның экспорттық әлеуетін таныстыратын боламыз және сіздердің облыстарыңыздың өнеркәсіптік әлеуетімен таныспақпыз».

Облыс кәсіпкерлері делегация мүшелеріне «Ақтау» теңіз портында орналасқан логистикалық орталықтың мүмкіндіктері туралы баяндады.

Бүгінде жер аумағы бойынша шағын болып саналатын Әзірбайжан, сауатты саясаттың арқасында, қарқынды дамып жатқан елдер санатына жатқызылып келеді. Себебі, елде табиғи-климаттық ресурстар мен пайдалы қазбалар бар. Тәуелсіздік жылдары мұнда көлік инфрақұрылымы саласында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қажетті техникамен қамтамасыз ету мақсатында агропарктер құрылған. Әзірбайжанды Қазақстанмен бұрыннан келе жатқан әрі тығыз сауда-экономикалық қатынастар байланыстырады. Көрші ел бізді көптеген тауар түрлерімен қамтамасыз етіп келеді. Олардың қатарында азық-түлік тауарларынан бастап электр-техникалық құрылғыларға дейін бар. Сонымен бірге, елге келетін импорт көлемі де көп. Мысалы, Елшінің айтуынша, Әзірбайжан бидайды көп көлемде импорттайды екен. Сонымен қатар, олар өздерінің бидайын біздің елімізде өсіп-өндіруге қызығушылық танытып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, Әзірбайжан тарапы бірлескен кәсіпорындар ашуға мүдделі екендіктерін де жасырмады.

«Біз кәсіпорындар базасына аз ғана инвестиция тарту арқылы азық-түліктің жаңа түрлерін шығару ісін жолға қоюға болады деп санаймыз, – деді БҚО Кәсіпкерлер  палатасының директоры Нұрлан Қайыршин. – Бүгіннің өзінде, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасап келе жатқан батысқазақстандық шаруалар мен кәсіпорындар, Әзірбайжанға ұн және макарон, ет, тағы басқа өнімдерін жеткізуге әзір». Кездесу нәтижесі бойынша қазақстандық тарап қонақтарға жергілікті компаниялардың тізімі мен олардың коммерциялық ұсыныстарын берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер