«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл тұрғындарының бизнес бастауға мүмкіндігі көп

2016 жылғы 27 Қазан
9359 просмотров

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасының жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бір айға жоспарланған жобаның жедел жұмыс тобы жеке кәсіпкерлікті ашу және тиімді жүргізу, қаржылық сауаттылық, тендерлерге қатысу, бизнесті жүргізудегі инфақұрылымның қолжетімділігі, заң, салық мәселелеріне қатысты сұрақтар бойынша жан-жақты кеңес беру әрі ақпараттық-әдістемелік көмек түрлері туралы құлағдар ету мақсатында Жаңаөзен қаласына қарасты Рахат ауылының тұрғындарымен кездесті.

Рахат кенті ауыл шаруашылығы саласына бейім. Сол себепті кездесуге келгендерге мамандар мал бағу, жылыжайда көкөніс өсіру, егін егудің қыр-сырын талдап айтып берді. Дербес бизнес бастаудың жолдарын түсіндіріп, арнайы ашылған бір айлық курстарға шақырды.

ҚР «Атамекен» ҰКП кеңесшісі Бауыржан Құрмановтың айтуынша,  ауылда асыл тұқымды мал ұстап, егіншілікпен айналысып, субсидия алып отырғандар бар. Бірақ  тұрғындар арасында мал өсірумен айналысатындары жоқ.

«Несие беру, қаржы бойынша кеңес, мал тұқымын қалай асылдандыру, аман сақтау, өсіру туралы мағлұмат қажет болса, біздің жұмыс тобының орталығына келіп,  ақпарат алсаңыздар болады», – деді ол ауыл тұрғындарына.

Кездесу барысында ауыл тұрғындарын мазалаған өзекті мәселелер қозғалды. Олардың ішінде бастаған ісі тоқтап қалғандар да, шаруашылық үшін жері жоқ екендігін жеткізгендер жандар да табылды. Іс бастаймын деп, құжаттарын реттей алмай қиналғандар да бар.

Солардың бірі кәсіпкер Балтабай Бектемісов кәсіпті дамытуға жоспарының бар екенін, оны жүзеге асыруға келтіретін кедергілер де орын алып отырғандығын жеткізді. «Бұл кедергінің барлығы құжат рәсімдеу жөнінде. 2008 жылы үлкен көкөніс супермаркетін саламыз деген арманымыз болды. Соны әлі жетілдіре алмай отырмын. Әлбетте, Жаңаөзендегі жұмыс тобына кеңес алу үшін барамын деп отырмын. Сол жоспарымыз жүзеге асса жақсы болар еді», деп бірқатар ұсыныстарын да ортаға салды.

Жалпы Рахат ауылында 32 мыңнан аса халық мекендейді. Оның ішінде 8 700 тұрғын еңбекке жарамды. Сонымен қатар, 160 адам осы ауылда өз кәсібін ашып, бірнеше тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғаны белгілі болды. Алайда «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасы аясындағы жұмыс тобының кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығына осы бір апта ішінде 21 адам ғана жүгінген. Мұның осыншама тұрғыны бар ауыл үшін аз екенін айтқан мамандар, оларды жұмыс тобының орталығына келіп, кеңес алуға шақырды.

«Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасы аясында жұмыс тобы іске кіріскелі бір апта болды. Осы аралықта 300-ге жуық адам мамандарға жолығып үлгерген.

Халық игілігі үшін қолға алынған «Жаңаөзенге – жаңа серпін» жобасы бойынша шамамен 30-дан аса іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда кеңес беру орталығына келген кәсіпкерлер өздерінің нақты мәселелерін шешіп, идеяларын айтып, нұсқаулар алып жатыр. Мобильді топтың Жаңаөзендегі қызметі қарашаның 11-іне дейін жалғасатын болады.

Қызмет көрсету мекенжайы – Жаңаөзен қаласы, Сәтпаев көшесі, №1 ғимарат, уақыты: жұмыс күндері сағат 09-00-ден 18-30-ға дейін. Толық ақпаратты немесе туындаған сұрақтарға жауапты мына телефондар арқылы білуге болады: 8 (7292) 30-40-40, 8 777 751 68 88, 8 775 469 99 77.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер