«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мәселе оң шешілді

2016 жылғы 27 Қазан
- Жетісу облысы
6096 просмотров

Заңгер Талғар ауданындағы кәсіпкер мәселесін шешуге септігін тигізді

Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Думан Керімбаев кәсіпкердің бір жылға созылған мәселесін шешуге көмектесті.

«Ибраев М.Р.» ЖК директоры Мақсұт Ибраев биылғы қыркүйек айының соңында Палатаға көмек сұрап жүгінген болатын. Ал оның мәселесі негізі 2015 жылы басталған. «Ибраев» ЖК ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында 2007 жылы Алматы облысы Талғар ауданынан аумағы 1,5 га болатын жер телімін алғаны белгілі болды. Алайда ол өткен жылы кәсіпкерлік қызметін мейрамхана бизнесі саласында жалғастыруға ниеттенеді. Бірақ жер телімінің мақсатты бағытын өзгертуге байланысты кедергіге тап болады. Бір жыл бойы жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, әртүрлі себептермен, кәсіпкерге тиесілі жер телімінің мақсатты бағытын өзгертуден бас тартып келген. Жер телімінің мақсатты бағытын өзгертуге заң тыйым салмаған, әрі бұл процесс ұзақ уақытқа созылмау керек еді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына жүгінгеннен кейін, аталған мәселе келіссөздер мен кездесулер жүргізу арқылы толық шешімін тапты.

«Бүгінгі таңда Жер комиссиясы оң қорытындысын шығарды және Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің қаулысы дайындалды», – деп атап өтті сарапшы Д.Керімбаев.

Заң бөлімінің жұмысына риза болған кәсіпкер, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың атына Алғысхат жолдады.

«Сізге және Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне бізді қолдап, дер кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс білдіремін. Думан Керімбаевқа жеке алғыс айтамын. Оның тәжірибесі мен келіссөздер жүргізудегі біліктілігінің арқасында менің мәселем сотқа жетпей шешілді», – делінген алғыс хатта.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың алғашқы 9 айында Палатаға жеке және заңды тұлғалардан 3867 өтініш келіп түсті. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың 876 сұрауы бар. Жүргізілген сараптаманың нәтижесінде, өтініштердің 455-і заң бөліміне бағытталған. Оның 270-і құқық қорғауға, 185-і іс жүргізу құжаттарын дайындау бойынша кеңес алу мен көмек көрсетуге байланысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер