«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құс өсірсең, қаз өсір...

2016 жылғы 26 Қазан
- Қызылорда облысы
15945 просмотров

Сырдария ауданы Айдарлы ауылының тұрғыны қаз өсіретін ферма ашты

Агроөнеркәсіптік кооператив директоры Қуат Шәкизадаевтың айтуынша, облыста осындай ферма ашу туралы ой оған бірнеше жыл бұрын келген. Петропавл қаласына қонаққа барғанында халықтың басым бөлігінің қаз өсірумен айналысатынына, тіпті жеке қора-жайларында 500, 1000, тіпті 2000 басқа дейін ұстайтындығына куә болып қайтты. Семей қаласы ет және сүт өнеркәсібі институты мен Алматы зооветеринарлық институтының түлегі, ет және сүт өнімдерінің инженер-технологы және зоотехник мамандықтарының иегері қаз фирмасын ашу  туралы идея мен алған білімі бизнес-жоспар құруға септігін тигізгенін айтады. Оның үстіне технолог ретінде жинаған мол тәжірибесі де көмекке келген. Қуат Шәкизадаев көптеген жылдар республикадағы түрлі комбинаттарда еңбек еткен.

«Қаз өнімдерін бізге басқа облыстардан алып келеді, – дейді Қуат Шәкизадаев. – Біздің жобамыз өңірде ет өндірісін бастауға, қызылордалықтарды жергілікті сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Алғашқы 120 бастан 410 келі ет алып үлгерді, ол ет Жаңа жыл қарсаңында «Қазына» сауда үйінің сөрелеріне шығарылады. Сондай-ақ бұқтырылған еттерін дайындап қойды.

Қанаттары да пайдаға асатын болды, оларды Алматы облысына қайта өңдеуге жіберетін болды. Келешекте қаздарды екі есе көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл кооператив 9 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуі негізінде құрылды. Олар облыста алғашқылардың бірі болып ет өндіру мақсатында 90 миллион несие алған еді.

Қаз фермасына 20 гектарлық жайылымдық жер мен аумағы 10 гектар болатын Сорқұдық көлі тиесілі. Алдағы аптада жылы құс ұялары салынып бітеді, ал қазірше қаздар көлде жүзіп, жаздық ұяларын мекен етуде. Мұнда құстың екі түрі, яғни ресейлік «Линда» және қытайлық «Пекинская» тұқымдары өсіріледі, олар күй талғамайды екен, қыстың суығына да, жаздың ыстығына да төзімді.

Мұнда 12 адам жұмыс істейді, барлығы да осы ауылдың тұрғындары. Еңбекақысы – 50 мың теңге, ертеңгі, түскі, кешкі астармен қамтамасыз етіледі және АӨК өз жұмысшыларына ұн, күріш және су мен май береді. Фермадағы бас қызметкерлер – Мақсұт Жүренов пен Әбдірахман Байділдаев.

«Алматы облысынан 2200 қаздың жұмыртқасын алып келіп, 20 күн инкубаторда ұстадық,  – дейді Мақсұт. – Нәтижесі міне – қаздың саны екі есе артты».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер