«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салық даулары апелляциялық комиссиялар арқылы шешілуі мүмкін

2016 жылғы 24 Қазан
7417 просмотров

Қазақстанның салық төлеушілері 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап салық тексерістері актілері бойынша Қаржы министрлігіне шағымдана алады

Бұл норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілік жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында қарастырылған. Заң жобасы Мәжілістің қарауына жіберіліп қойды.

Palata.kz тілшісінің сұрауы бойынша Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин заң жобасында қарастырылған норманың мәнін түсіндіріп берді. «Біз Латвия мен Грузиядағы әріптестеріміздің жұмыстарын көрдік, олардың жұмыс жүйесі осындай, одан кейін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы сарапшылармен кеңестік, олар да апелляция процесін жаңғырту туралы ұсыныс білдірді. Біздің көзқарас келесідей: апелляцияны Мемлекеттік кірістер комитетінен шығарып, Қаржы министрлігіне берейік, Қаржы министрлігі мүдделі органдарды тартсын, «Атамекенді» қоссын, сосын шешім қабылдардың алдында талқыға саламыз», – деді Дәулет Ерғожин.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы салық төлеушілердің апелляцияларын қарауға «Атамекен» ҰКП өкілдерінің де қатысатындығы жоспарланып отырғанын атап өтті. Мұндай ауқымды алаң «оң шешім қабылдауға, салық төлеуші мен мемлекеттік органдар жұмыстарының ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік береді».

Айта кетерлігі, қазір заң жобасы Мәжілістің Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінде жатыр. Комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова заң жобасының қорытындысы осы жылдың 16 қарашасына дейін дайын болатындығын мәлімдеді. Одан кейін түзетулер Парламенттің төменгі палатасының пленарлық отырысында қаралады.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер