«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астананың іскер әйелдері тәжірибе алмасты

2016 жылғы 20 Қазан
10001 просмотров

Бүгін Астанада ІІ «Бизнес-идеялар жазирасы» форумы болып өтті. Шараны Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.

Бизнесін енді бастаған кәсіп иелеріне тәжірибе жүзінде көмек көрсету және де елордадағы іскер нәзік жандардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында, форум алаңында шағын және орта бизнесті мемлекеттік және жекеменшік тұрғыда қолдау әрі дамыту мәселелері талқыланды. Кәсіпкер әйелдер, оның ішінде олардың Әзірбайжаннан келген әріптестері табысты бизнес жүргізу, өнімді әлеуметтік желілерде бренд ретінде насихаттау сырымен бөлісті. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті өркендетудің келешек кемел бағыттары ортаға салынды.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева, бір жылдан астам уақыт бұрын ғана іргетасы қаланған Кеңес өз жұмыс барысында, елордалық бизнес-қоғамдастық арасында әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың тиімді құралы ретінде таныла білгенін атап өтті.

«Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкер әйелдер қауымынан келіп түскен 285 өтініштің 259-ын оң шеше алдық. Оларға бизнесті ашу мен әрі қарай жүргізу, ұйымдар мен өнімдерді нарықта ілгері жылжыту, сатып алуларға қатысу, сондай-ақ, заң, есеп-қисап, салық мәселелері жөнінде толыққанды жәрдем қамтамасыз етілді. Палатаның атсалысуымен іскер қыз-келіншектердің 34 инвестициялық жобасы жүзеге асты. Сөзімізге дәлел, Астанада ателье-кафе ашу үшін Қарлығаш Балғынбекованың «Daut» жеке кәсіпкерлігіне, егде жастағы адамдар күндіз уақытын өткізетін «Атабақша» мекемесін іске қосу мақсатында Сәуле Оңалбаеваның «Мерген» жеке кәсіпкерлігіне қайтарымсыз грант мақұланды. Кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан инвестициялық жобалардың жалпы сомасы 850 млн теңгеден асты», - деп хабарлады Бағила Бисембаева.

Бизнесін енді бастаған іскер нәзік жандарға 43 оқу семинары, 1С-бухгалтерия мен «Кайдзен» жүйесі, қор нарығында жұмыс істеу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке қатысу төңірегінде шеберлік сағаттары өткізілген.

Осымен бірге, Кеңес мүшелері тәлімгерлік институтын дамытуға білек сыбана кіріскен. Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Қадиша Сералинованың демеуінің жемісінде, кәсібін енді бастаған бизнес-ханымдардың бірі шағын наубайхана ашқан. 

Ағымдағы жылы астаналық Іскер әйелдер кеңесі Астана қаласы әкімдігімен, Қазақ мемлекеттік заң университетімен және «Huahe International» бизнес-консалтингтік компаниясымен меморандумға қол қойып, соңғы жақ Кеңес мүшелерінің Қытайдағы екі «ЭКСПО» көрмесіне қатысуына септігін тигізген.

Жиынды «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы хатшылығының жетекшісі, республикалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова түйіндеп берді. Оның айтуынша, әлемде әйелдер кәсіпкерлігі қарқын алып келеді. Сондықтан жұмыстағы мансап пен отбасы, ошақ қасындағы берекені ұйқастыра, үйлестіре білу керек.

«Бизнесін енді бастаған іскер әйелдерге шеберлік сағатын өткізуге уақыт табатын бизнес-ханымдарға риза боламын. Себебі қаржыдан бұрын білім қажет», - деп қорытындылады Ләззат Рамазанова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер