Кәсіпкерлерге қызмет көрсету күшейеді
Бухгалтерия мен салық саласындағы қызмет түрлері облыс бизнесмендері арасында өте жоғары сұранысқа ие
Мұндай статистиканы Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Роберт Юсупов Қызмет көрсету және кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының жұмыс қорытындысында келтірді.
Оның айтуынша, 2016 жылдың басынан бері 1742 бизнесменге 1847 тегін қызмет көрсетілген. Оның үстіне қызмет түрлерінің 1 мыңдайы бухгалтерлік және салық есебімен байланысты болған екен. Олардың 345-і заңдық, 172-сі маркетингтік қызметтер (бизнес-жоспарлар құру). Ал ақпараттық технологиялар, мемлекеттік сатып алулар, кедендік рәсімдер мен ИСО-менеджмент бойынша көрсетілген қызметтер жоғарыда аталғандарға қарағанда аздау.
Бұдан бөлек, Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында бизнес субъектілері мен кәсіпкерлік бастамамен келген тұрғындарға 11,7 мың ауызша кеңес берілген. Жобаларды сүйемелдеу аясында 774 жоба бойынша келесідей нәтижеге қол жеткізілген; 398 клиент бизнес ашқан немесе бұрыннан бар бизнестерін кеңейткен, 283 жоба мемлекеттік бағдарламалар, қаржылық институттардың бағдарламалары және даму институттарының шеңберінде қаржыландырылған.
«Қазіргі таңда Қостанай қаласынан жаңа, толыққанды Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін болады және облыстық Палатаның жанында орналасады, кеңес берулер мен тегін қызмет түрлерін көрсетуден бөлек, оның жанынан бизнес-сынып жұмыс істейді. Онда «Бизнестің жол картасы-2020» және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламаларының барлық бағыттары бойынша оқу жүргізіледі, – деп атап өтті Роберт Юсупов.
Палатада «Бизнес-мектеп» бағытын іске асыру жайы да сөз болды. Осы жылдың қаңтар айынан қыркүйек айына дейін мыңнан астам адам қамтылған.
«Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 150 адам бизнес негіздері бойынша курсқа қатысып, сертификаттар алды. Нәтижесінде бүгінде сомасы 62 510 000 теңге болатын 29 жоба мақұлданды», – деді Р.Юсупов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: