«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет – салық төлеушісінен, құрылысшылар – жұмыс орнынан айырылмақ

2016 жылғы 19 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
10792 просмотров

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі сол күйі пайдалануға берілген жоқ, ал құрылысшылар мүлікті сатуға мәжбүр

Мәселенің мәнісі мынада. Үш жыл бұрын жеңіл атлетика манежінің құрылысын қолға алған «Алтайстрой» ЖШС, соңында орындаған жұмысы үшін ақы алмаған. 2012 жылдың желтоқсанында «Өскемен қаласы құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен облыстық «Парыз» қайырымдылық қорының бастамасымен, арена дизайнын өзгертуге және халықаралық санаттағы жеңіл атлетика манежін салуға шешім қабылданады. Және оның жұмыс көлемі алғашқы жобадан көп болған. Жаңа жобаның жоқтығын ескере отырып, жүктелген құрылыс құнын жобалық-сметалық құжаттама негізінде  анықтау қарастырылған. 2012-2013 жылдары жобалау үшін 35 млн және мердігер үшін 815 млн бөлінген. «Алтайстрой» ЖШС директорының айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының климаттық жағдайына байланысты сәйкессіздіктер мен кемшіліктер кездескен.

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің құрылысын жүргізу барысында пайда болған миллиондаған қарызды жабу үшін компания барлық активтерін сатпақ. Қазір жер телімдері, ғимарат және құрылыс техникасы сатылымға шығарылды.

«Біз өз мүлігімізді сатылымға үнемі шығарамыз. Бұл асхана және жер телімі. Крандарды, тиегіштерді және автокөліктерді де сатып жатырмыз. Өйткені қарызымыз шамамен 112 млн теңгеге жетіп отыр», – дейді «Алтайстрой» ЖШС директоры Құмаш Ұрынтаев.

Компания басшысының айтуынша, Өскемен қаласының беткеұстар нысанына айналып үлгерген жеңіл атлетика манежі, шын мәнінде кәсіпорынды банкротқа ұшыратты.

«Алтайстрой» ЖШС директоры Құмаш Ұрынтаев, өздерін алданды деп есептейді.

«2013 жылдың қарашасында мемлекеттік сараптама,  сомасы 1 млрд 308 млн теңге болатын жобаның түпкілікті құны туралы қорытынды шығарды. Алайда тапсырыс берушілер тек 815 млн теңге төледі. Ал мемлекеттік сараптамадан өтіп, бекітілген смета бойынша атқарылған жұмыс үшін ақы төленбеді. Смета бойынша төленбеген жұмыс ақысы 215 млн теңге және қосымша жұмыс ақысы шамамен 150 млн теңгені құрайды», – деді Құмаш Ұрынтаев. Сол себепті мердігер жұмысын тоқтатқан.

Бұған дейін құрылыс екпінді қарқынмен жүргізілген. «Алтайстрой» ЖШС үнемі қарқынды жұмыс істегенімен, алайда ақы төленбеген. Жұмысқа қосымша мердігер ұйымдарды араластырып отыруға тура келген.

«Сол уақытта куратор Владимир Головатюк болды. Ол қала мәслихатының хатшысы қызметін атқаратын (қазір ШҚО мәслихаты хатшысының орнында отыр). Ал әзірлеуші қалалық «Қасиетті бірлік» қайырымдылық қоры болды. Жер телімі оларға тиесілі еді, ал біз тек құрылыс жүргіздік. Құрылыс барысында біздің өңірге көптеген өзгертулер енгізілді. Өйткені Шымкентте де жоба әзірлеп жатты, – дейді ЖШС басшысы. – Олар, мысалы, бір бөлікті шыны пакеттерді бекітіп берді. Біз екі бөлікті шыны пакеттерді орнаттық және витраждар алюминиден жасалды. Өйткені бұл жерде желдің қарқыны өте жоғары. Сол себепті бағалары да әртүрлі. Жұмыс тәртібінде барлығы анық көрсетілген. Біз бұл құрылысқа барымызды салдық. Нәтижесінде бізді алдап кетті», – деп ренішін білдірді «Алтайстрой» ЖШС директоры Құмаш Ұрынтаев.

Ал нысанның өзін 2014 жылдың наурызында таныстырған болатын. Ашылу жиынында 850 млн шығынның 700-ін «Казатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жапты, ал қалғанын «Парыз» қоғамдық қоры аударды деген ақпарат айтылған.

Енді мердігер өз есебінен түрлі кемшіліктерді жоюда. Алайда мемлекеттік қабылдау актісіне қол қоя алмауда. Заң бойынша нысан әлі күнге дейін салушылардың иелігінде жатыр.

«Бізде әлі өрт сөндіру бөлімі бойынша жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Жылу торабы да аяқсыз жатыр.Төбеден су тамшылап тұр. Бітпеген жұмыстар әлі көп. Алайда қазір осы жүйе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз келісімшартқа отыра алмаймыз. Өйткені ғимарт біздің атымызда емес. Тез пайдалануға берілсе, ол коммуналды мемлекеттік кәсіпорын болар еді. Қазір ол «Алтайстрой» ЖШС-ға тиесілі. Біз оны тегін жалға алып отырмыз», – дейді Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі директорының орынбасары Әлия Смақова.

Қазақстанның танымал атлеттерінің бірі жаттығу жасайтын жеңіл атлетика алаңы екі жарым жылдан астам уақыттан бері пайдалануға берілмей келеді. Осы уақыт аралығында бұл жерде жарыстар өтіп, балалар жаттығып жатыр. Алайда қаржыландыруға байланысты кемшіліктер жиі байқалады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов нысандарды аралау кезінде аталған мәселеге назар аударып, нысанды пайдалануға беруді тапсырған.

«Нысанның 2 жылдан бері жұмыс істеп, алайда мемлекеттік қабылдау актісінің болмауы ұят жағдай. Бұл мәселемен айналысып, барлық кінәлілерді жауапқа тарту керек», – деген еді ШҚО басшысы.

Кәсіпорын 1993 жылдан бері жұмыс істейтінін атап өткеніміз жөн. Көпжылдық еңбектің арқасында кәсіпорын әртүрлі мақтау қағаздарымен марапатталған. Солардың ішінде «Қазақстан Республикасының үздік құрылыс компаниясы», «Шығыс Қазақстан облысындағы үздік құрылысшы» атты мақтау қағаздары бар. Ал басшысы «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Құрылыс компаниясы тегін, өз есебінен Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысын аяқтаған.

Егер мәселе жақын арада шешілмесе, мемлекет ірі салық төлеушісінен, ал қызметкерлер – жұмысынан айырылмақ. Мұның барлығы берген уәденің орындалмауынан туындап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер