«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Байқоңыр бизнесмендері «артық» салықтан құтылады

2016 жылғы 19 Қазан
8091 просмотров

Парламенттің төменгі палата депутаттары жанама салықтар салу мәселесін реттеуді құптады

Тауарларды Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстанның басқа жеріне немесе Қазақстан Республикасының басқа аймағынан Байқоңырға тасымалдаған жағдайда, нөлдік мөлшерлеме бойынша қосымша құн салығы салынады және акцизделетін өнімдерге акциз төлеуден босатылады. Мұндай норма «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасында қарастырылған. Заң жобасы бүгін қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен Мәжілістің пленарлық отырысында талқыланды.

«Бүгінгі таңда кәсіпкерлеріміз Байқоңыр қаласында тауарларды өткізу бойынша айналымға қосымша құн салығын төлейді. Өз кезектерінде байқоңырлық (ресейлік) салық төлеушілер бұл ҚҚС-ны ресейлік заңнама бойынша есептеуге жатқызуға құқылары жоқ, тауар бағасы да осы сомаға артады. Сонымен қатар РФ Салық кодексі бойынша 18% мөлшерінде салық салынады», - деп атап өтті министр.

Қаржы министрі мұндай жағдайдың «Байқоңыр қаласынан ҚР аумағына тауарлар өткізгенде» де орын алатынын, оның «бағаны қолдан арттыруға алып келетінін» айтып өтті. Министрдің айтуынша, осы мәселені шешу үшін қазақстандық тарап «ресейлік әріптестерімен бірлесе жұмыс атқарған», соның нәтижесі ретінде осы хаттама жобасы әзірленген.

«Оған біз бүгінде Еуразиялық экономикалық одақта жұмыс істеп жатқан қағиданы енгіздік, яғни тауарларды ҚР аумағынан Байқоңырға өткізу барысында айналымға «нөлдік» мөлшерлеме бойынша салық салынады және ҚҚС Байқоңырда 18%-дық мөлшерлемемен бір рет алынады және керісінше», - деді қаржы министрі.

«Қазақстан Республикасының салық заңнамасында бекітілген ережелерге қарағанда, хаттамада басқа ережелер қарастырылғандықтан», оны ратификациялау талап етілуде.

Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Ирина Аронова өзінің қосымша баяндамасында заң жобасын қабылдау оң нәтиже беретіндігіне үміт білдірді. «Қазіргі таңда Байқоңырда біздің 30 мыңнан астам азаматымыз тұрады, сондықтан аталған хаттаманы ратификациялағаннан кейін оларда тауарлар мен қызмет түрлерін тиімдірек бағаға сатып алуға мүмкіндік туады», - деді депутат.

Ирина Аронова  бұл хаттамада жұмыс жасаған кезде немесе қызмет көрсету барысында жанама салықтар төлету тәртібі нақтыланғанын, сондай-ақ сол жұмыстар мен қызметтерді орындау орны анықталғанын айтып өтті.

Осылайша, осы хаттама арқылы салық салынатын базаны айқын анықтауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілуде, сол арқылы Байқоңыр қаласында тіркелген Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының  жеке кәсіпкерлері мен заңды тұлғаларының екі рет салық төлеуіне жол берілмейді.

Нәтижесінде мәжілісмендер ратификацияны мақұлдап, оны Сенаттың қарауына жіберді.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер