«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тракторшы тапшы

2016 жылғы 18 Қазан
- Жетісу облысы
10092 просмотров

Шаруа қожалықтары жас мамандарға зәру

Биыл Райымбек ауданындағы Сарыжаз техникалық-мамандандырылған  колледжі «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы бойынша дуальды оқытудың Жол картасына енді.

Аталған мамандықтың Картаға енуі кездейсоқтық емес. Өйткені жергілікті фермерлер жас тракторшыларға зәру. Белгілі себептерге байланысты тракторшы мамандығын оқитындар санаулы ғана. Ал ауылдың жұмысы негізінен осы бағытта жүреді. Сол себепті мәселенің шешімін тез арада тапқан жөн. Колледж алаңында бизнес өкілдері, білім және жергілікті билік өкілдері еңбек нарығындағы жағдайды талқылап, оны оңтайлы шешу жолдарын талқылады.

Талғат Нүсіпқожаев – аудандық Кәсіпкерлер кеңесінің басшысы, «Өркен» шаруа қожалығының иесі. Оған бұл мәселе жақсы таныс. Өйткені  өзі де трактор жүргізе алатын жас маман таба алмай келеді.

«Мендегі тракторшылардың жасы 50-60 шамасында. Олар сонау кеңес заманынан бері оқып, жұмыс істеп жатыр. Қолдардарынан келмейтіні жоқ, тракторға қатысты шаруалардың бәрін біледі. Алайда қазір техника жаңарып жатыр, бәрі автоматтандырылған, компьютерлік жүйемен басқарылады. Олар мұндай машиналарды тізгіндей алмайды. Сол себепті бізге жастар керек», – деп атап өтті кәсіпкер.

Сонымен қатар шаруа қожалықтардың басшылары бірлесіп маман дайындауға қызығушылық танытып, аталған жұмысты қолға алды. Қыркүйектен бастап кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» мамандығы бойынша оқу жоспарын құруға белсенді араласып жатыр.

«Оқу жоспары 40/60 қатынасында жасалды. Студенттер уақыттарының көп бөлігін тәлімгерлерімен бірге тәжірибе жұмыстарына арнайды. Фермерлер тәжірибелік сабақтарды асыға күтіп жүр. Олар студенттерге мамандықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, оларды жұмысын сүюге, елін қадірлеуге баулиды. Одан бөлек, өндірісте автослесарь мамандары жетіспейді», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Біләл Мәсімбаев  «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жастарды еңбекке баулу жұмыстары мен оны жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Белгілі болғандай, тұрғындар тігінші және шаштараз мамандығын оқу үшін Алматыға барады. Сол себепті Кәсіпкерлер палатасы аталған мамандық иелерін өз аудандарында оқытып, мамандарды өздерінде дайындауға кеңес берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер