«Атырауда жасалған» ұлттық киімдер
Атыраудан өзінің жеке ұлттық киімдер брендін қалыптастыру – атыраулық кәсіпкер әйел, Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Айсұлу Оразбаеваның әуел бастан алға қойған мақсаты болатын
Жақында «Атырау аруы-2016» байқауының іріктеу кезеңінде дизайнер өзінің алғашқы топтамасын таныстырды.
«Айсұлу» перде салонының иесі Айсұлу Оразбаева бүгінде атыраулықтарға жақсы таныс. Бұл жерден мұнайлы өлкенің тұрғындары мен қонақтары үй мен кеңсеге сән беретін перделер таңдай алады. Өнімнің сапасы кез келген тұтынушының өзін таңдай қақтырады. Басты ерекшелігі – өнімнің беті көздің жауын алып, ою-өрнекпен көмкерілген.
«Мен өз жұмысымды өте қатты жақсы көремін. Маған әдемі дүниені жасап шығарған ұнайды. Бұл менің қанымда бар қасиет деп ойлаймын. Отбасымда әкем жақтан да, шешем жақтан да барлығы тігіншілікпен айналысқан. Олардың арасында суретшілер мен дизайнерлер де аз емес. Кішкентай күнімнен бастап қуыршақтарыма арнап киім тіккенді жаным сүйетін. Кейін өзім үшін, жақындарым үшін киім тігіп жүрдім. Қазір бұл іс менің өмірімнің бөлшегіне айналды. Бұл салада жүргеніме - 17 жыл. Алайда өз таңдауым үшін өкінген күнім жоқ», – деді Айсұлу.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, арнайы ғимараттың болмауына байланысты алғашқыда үйде жұмыс істеуіне тура келген. Ол өз өнімінің танымал болуы үшін 10 жыл еңбектенді. Алайда ол онымен тоқтап қалған жоқ. Осы орайда шығармашылық адамы әрдайым ізденіс үстінде жүреді деген сөз тегін айтылмаса керек. Айсұлу Оразбаева соңғы екі жылда өз киімдерінің топтамасын шығару туралы көп ойлана бастаған.
«Менің еңбектеріммен жақсы таныс адамдар біледі, жұмысымның негізгі ерекшелігі – оның түсі. Қазір көптеген қазақстандықтар ұлттық бояумен көмкерілген киімдерді көбірек кие бастады. Бұл әлбетте қуанарлық жағдай. Өкінішке орай, әзірге Атырауда «Атырауда жасалған» деген маркамен шығарылып жатқан ұлттық киімдер бренді жоқ. Ал мен неге болмасқа деп ойладым!», – деп атап өтті Айсұлу Оразбаева.
Осы мақсатта кәсіпкер әйел арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, мамандарды жұмысқа ала бастайды. Міне, осы тұста бір мәселе туындайды. Іскер әйелдің айтуынша, ісмер тігіншілерді табу оңайға соқпаған. Жұмысқа жаңадан келген мамандарға барлығын қайтадан үйретуге тура келеді. Сол себепті олар жарты жылда тек 40 үлгі дайындай алды. Алайда олардың саны бұдан да көп болу керек еді деп есептейді Айсұлу Оразбаева.
Барлық үлгілер алғашқы көрсетілім барысында таныстырылды. Олар – камзол, кеудеше, пальто, көйлек, ұлттық өрнектегі әшекейлер. Сонымен қатар, ұлттық нақышта безендірілген сөмкелер де болды.
Көрсетілім көрермендердің көңілінен шықты деп атап өткен жөн. Сол себепті кәсіпкер әйел, өнімге сұраныс артады деп үміттенеді. Айта кетерлігі бағасы да қолжетімді.
Бүгінде салон жұмысы кеңейгеннен кейін, «Сәнді үй Айсұлу» болып өзгертілді және онда 10 тігінші жұмыс істейді. Өндіріске қажетті материалдар Алматы мен Түркиядан тасымалданады.
«Мен күнделікті киімдерімізде ұлттық нақыштың көрініс бергенін қалаймын. Ұлттық киімдерді тек мерекелік шараларда ғана киіп жүрмесе екен деймін. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз – өте бай және ұлттық киіміміз – оның басты қажеттілігі. Сол себепті осы сұлулықты жарыққа шығарып, айналамдағылармен бөліскім келеді», – деп атап өтті Айсұлу.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: