Швейцария бизнесмендері Қазақстан арқылы Қытайға шыққысы келеді
Женеваның экономика министрі бастаған Швейцарияның бизнесмендер делегациясы «Атамекен» палатасында қонақта болды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, Женева кантоны экономика және қауіпсіздік министрі Пьер Модэнің елімізге сапары аясында, Қазақстан мен Швейцарияның іскерлік топтары арасында кездесу өтіп, оған Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов пен Швейцария-Ресей/ТМД Сауда палатасының президенті Ги Меттан қатысты.
Аян Еренов мәртебелі меймандардың жергілікті жағдаймен танысу мақсатында ат шалдырғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Швейцария-Ресей/ТМД Сауда палатасымен және Женева кантоны Сауда палатасымен келісімге қол қойған. «Біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты өркендететін белгілі бір құрылым сұлбасын түзуге келістік. Сонымен қатар, қазақстандық бизнестің швейцариялық серіктестеріне шығуына жан-жақты көмек көрсетпекпіз және швейцариялық тараптан да осынын сұрадық», - деді ол.
Аян Еренов, делегацияның негізінен үш саладан: білім беру, медицина, туризм тармақтарынан құралғанын жеткізді. Осы орайда швейцариялық компаниялар да Қазақстан нарығында жұмыс істегісі келеді екен. «Себебі біздің ел оларға Қытаймен арадағы көпір іспетті. Ресей Федерациясы, Орталық Азия өңіріндегі көршілеріміз тағы бар. Астанадан соң, Швейцария кәсіпкерлері Алматыда қаржы топтарымен кездеседі. Нәтижесінде бұл сапар нақты байланыстарға ұласады деген сенімдеміз», - деп сабақтады Сыртқы сауда палатасының жетекшісі.
Пьер Модэ болса, Қазақстан Астананың өңірлік қаржы орталығына айналу мақсатымен қызықтыратынын және де трейдинг саласы да назар аудартатынын әңгімеледі.
Швейцариялық және қазақстандық бизнесмендердің жүздесуі В2В сипатында өтіп, тараптар Қазақстандағы болашақ бірлескен жобаларды талқылады.
Швейцария делегациясының құрамында, саналуан саладан Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі кәсіпкерлер бар. Мәселен, «GJASD International» қауымдастығы жасыл технологияға, табиғатты сақтауға байланысты идеяларды таратумен айналысып, климаттың күрт өзгерулеріне қарсы тұрады. Ұйым өкілдері, сондай-ақ, туризм мен агротуризмді дамыту тұрғысында Инвестиция және даму министрлігінің департаменті және «Бурабай» АЭА өкілдерімен кездесуді жоспарлауда. «Global Contractors» компаниялар тобы инфрақұрылымдық жобаларды жобалауға ден қойған. Компания мамандары әуежай, ГЭС, жол-көпір, айналма жол және өзге де ірі құрылыс нысандарымен шұғылдануда. Африка, Таяу Шығыс, Шығыс Еуропа елдерінде жұмыс істейтін олар, бүгінде Қазақстандағы өз жобаларын жүзеге асыруға серіктестер іздеуде. Швейцариялық емханалардың «Swiss Medical Network» желісі көп бағыттағы медициналық қызмет пен диагностика және емделуге жатқызу қызметтерін ұсынады. Аталған компания Қазақстандағы медициналық құрылымдармен және сақтандыру компанияларымен ынтымақтастыққа, емханаларды басқаруда бірлескен кәсіпорындар құруға және де қазақстандық дәрігерлерді оқытуға қызығушылық танытуда.
Әлбетте швейцариялық банктерді ұмытуға болмайтыны анық. «Pictet & Cie SA» 1805 жылы Женева қаласында іргетасы қаланған және банк институттарының қаржысын тәуелсіз басқаруда үздіктердің қатарына енуде. Қаржы мен активтерді басқару, «фэмили» кеңселер қызметтерін қамтамасыз етеді. Банк өкілдері жеке инвесторлармен және әлеуетті салымшылармен кездесуге ниет білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: