«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Қорғас» жергілікті өндірушілерді қолдайды

2016 жылғы 17 Қазан
- Жетісу облысы
6263 просмотров

Квазимемлекеттік компаниялардағы сатып алуда жергілікті кәсіпкерлердің үлесін арттыру жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті

Комссияның негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алудағы жергілікті кәсіпкерлердің үлесін арттыру, сатып алу  мәселелері  бойынша мемлекеттік органдар мен отандық тауар өндірушілердің ықпалдастығын қамтамасыз ету. Оның құрамында бизнес өкілдері, жергілікті  атқарушы және мемлекеттік органдар бар.

Жиында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі  орынбасары Әсет Шаяхметов, кеңес мүшелері мен кездесу қатысушыларын жұмыс органының алдағы жоспарымен таныстырып өтті.

«Комиссия мемлекеттік сатып алу кезінде жергілікті қамтуды қамтамасыз ету үшін, мемлекеттік органдар арқылы отандық тауар өндірушілердің қызметін реттейді. Біз жергілікті компаниялардың үлесін арттыру мақсатында мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік компанияларға ұсыныстар мен нұсқаулықтар дайындаймыз», – деп атап өтті  Ә.Шаяхметов.  Сондай-ақ комиссия мемлекеттік сатып алу жоспарын бақылауға және мемлекеттік сатып алудағы құқықбұзушылық деректері  бойынша өтініштер қабылдауға ниетті.

Кездесу барысында «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС және «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ сатып алу жөніндегі бас менеджерлері мемлекеттік сатып алу жоспары туралы баяндады.

«KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС «KTZ Express» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Компания өкілі жалпы сомасы 34 млн теңге дизель отынын тасымалдаушыларды іздестіріп жатқандарын атап өтті. Алайда қатысушылардың жоқтығынан тендер өткізілмейтін болған. Сол себепті Алматы облысындағы отандық тауар өндірушілердің сатып алуларға қатысуға барлық мүмкіндіктері бар.

Кездесу қорытындысы бойынша компаниялар облыстағы отандық тауар өндірушілермен ары қарай бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді. Олардың айтуынша, жергілікті компаниялармен бірлессе, жұмыстары да біраз жеңілдемек. Қазақстанның басқа өңірлеріндегі тауар өндірушілермен бірлесіп жұмыс істеген кезде, жеткізу мен қызмет көрсетуге байланысты бірқатар мәселелердің туындайтыны тәжірибе барысында анық байқалады екен.

Сондай-ақ, комиссия хатшысы, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі бөлімнің сарапшысы Айдар Қажымұқан кәсіпкерлерді  отандық тауар өндірушілердің otp.alm-reg.kz сайтымен таныстырды.

«Аталған сайт облыс кәсіпкерлігін және индустриалды-инновациялық  дамуын басқару үшін жасалды. Интернет-ресурста барлық отандық тауар өндірушілердің каталогтары, олар туралы толық ақпараттар орналастырылған. Сондай-ақ порталда салынған және салынып жатқан нысандар туралы ақпарат та бар. Сонымен қатар құрылғылардың техникалық сипаттамасы туралы  байқау құжаттарын даярлаушыларға  назар аударамыз», – деді сарапшы.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығымен тиімді қарым-қатынас орнату үшін, облыс компаниялары келесі жиында өз қызметтерін таныстырып, ынтымақтасу мәселелерін талқыламақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер