«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Күнбағыс жиналмаса, күнкөріс қалай болмақ?

2016 жылғы 14 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
8100 просмотров

Агрономдар мен шаруалар арасындағы келеңсіздік жүздеген гектар күнбағыстан айыруы мүмкін

Көкпекті ауданы шаруа қожалықтарының бірқатары жеңілдігі бар дизельдік отын ала алмай отыр. Ал қазіргі бағамен отын сатып алуға қаражат тапшы. Сол себепті, шаруалар биылғы егіннің барлығы ысырап болуы мүмкін деп отыр.

Солардың бірі, «Маңырақ» шаруа қожалығының басшысы Ахмет Кәрібаев.  Көкпекті ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі оның 22 тонна дизельді отын алу туралы өтінішін қабылдамай отыр.

«Біздің техниканың бәрі бос тұр. Тіпті, жер жыртуға шыға алмай отырмыз. Дәл осындай жағдайға ауылдың жартысынан астам тұрғыны душар болып отыр, –дейді «Маңырақ» шаруа қожалығының басшысы Ахмет Кәрібаев.  – Біз жеңілдік бойынша дизельді отын аламыз деп сендік. Оны бәрімізге бірдей бөліп береміз деп уәде берген. Бір ай күттік, одан кейін талон бере бастады. Сосын, жанар-жағармайды орталық базаға әкелді, барып алайын десем, мені кері қайтарып жіберді. Аудан әкімінің тапсырмасымен оны басқа шаруа қожалығына беріпті», – деп шағымданды шаруа. Ал кейіннен аудан әкімінің ондай тапсырма бермегені анықталды.

«Бізге «Маңырақ» ШҚ басшысы келіп өтініш жасады. Ол базаға жанар-жағармай үшін барған екен, себебі, ол тізімде бар еді. Алайда, оған ЖЖМ бермепті. Біз ауыл шаруашылығы бөліміне хабарластық, ондағылар әкімнің солярканы басқа шаруа қожалығына беру туралы шешімін алға тартты. Аудан әкімімен сөйлестік, ол ондай тапсырма бермегендігін айтып, мәселені шешемін деп сендірді. Прокуратураға өтініш жаздық, алайда онда мәселені шешкенше, бір айдан астам уақыт өтеді. Ал, егін өнімі бұл уақытта ысырып болады ғой», – деді Кәсіпкерлер палатасы Көкпекті ауданы филиалының директоры Әлия Мұқашева.

«Біздің ауданда соляркаға қатысты қиындықтар туындап отыр. Бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан біз 2795 тоннаны бар күшін жұмсап, жұмыс жасап жатқандарға беріп жатырмыз. «Маңырақ» ШҚ-на келер болсақ, олар барлық аумаққа егіс салмаған, көп жерлері бос жатыр», – деді Көкпекті ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің егін шаруашылығы жөнінде бас маманы Жәнібек Көпесов.

Шаруалар амалсыз қол қусырып отыр. Егер атқамінерлерді піскен күнбағыс жайы алаңдатпаса, өңірге арзан бағамен еркін сатылымға келетін дизельдік отынды күтуге тура келеді. Бүгінде еркін сатылымда жанар-жағармай тек Өскеменде бар. Ол жақта оның 1 литрі 165 теңгеге тең.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер