«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігі

2016 жылғы 13 Қазан
27976 просмотров

Жұмыс орнының болмауынан күнкөріс қамы үшін қалаға ағылған жұрт урбанизация белеңін жеделдетті. Бұл әр аймақта тұрғын саны азайған, тіпті бос қалған ауыл санының артуына, ауыл шаруашылығының күрт төмендеуіне алып келді.

Әрине, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мәселелері түбегейлі шешілген жоқ. Бірақ, бүгінде жұмыс істеймін деген жандар үшін мемлекет тарапынан қолдау бар. Қарапайым халықтың тіршілігі түгенделіп, тұрмысы жандану үшін арнайы сала-салаға бөлінген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.

Шалғайдағы ағайын бағдарламалардың атын естігенімен, мазмұнын толық түсініп, кәдесіне асырып жатыр ма? Мазмұны қандай, нендей құжаттар керек, кімге жолығып, қайдан ақпарат аламын деген өңір жұртшылығын арнайы бағдарламаларды тізбектейік.

«ҚазАгро» холдингі ауылдық елдімекендердегі кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдап, атакәсіп мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаржыландырудың бірнеше бағытын ұсынып отыр. Ірі қара малдың табын санын ет үшін көбейтуге бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы (http://www.kazagro.kz/kk/web/acc/sybaga) бойынша берілетін несиенің үстеме пайызы төмен, қайтару мерзімі ұзақ. Шаруашылықтарға бағдарлама бойынша несие берумен қаржы институттары, яғни «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингінің еншілес ұйымдары, «Аграрлық несие корпорациясы» айналысады. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» ең жоғары несие 18 миллион теңге беруді ұсынып отыр. Ал «ҚазАгро» холдингі ұсынған несие желісінің ұзақтығы  – 120 ай, сондай-ақ 12 айдан 24 айға дейін жеңілдетілген кезеңімен беріледі.

Несие беруші институттар несие алушыдан кепілдік мүлік және өзге де кіріс көздерін талап етеді. Кепілдік мүлік ретінде ауылдағы жерлердің заңды құжаты, құрылыс нысандары, автотехникалары да қабылданады, яғни кепілдік құны несиенің 130 пайызын жабуыға жеткілікті болуы қажет. Несие алуға ниетті азаматты төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылығы, салыққа, бюджетке және өзге де төлем бойынша соңғы 3 айда қарызының болмауы, қаржылық тұрақтылығы, салыққа, бюджетке, өзге де міндетті төлемдер бойынша соңғы 3 айда қарызының болмауы, малды өсіруге қажетті инфрақұрылым, қора-жайы, суат көзі, мал жайылымы, қорасында бұрыннан бағып, өсіріп отырған малының болуы талап етіледі. Мал басы, қора-жайы, жайылымы жоқ, жаңадан құрылған шаруа қожалықтарына «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие берілмейді. Әуелде бағдарлама бойынша тек ірі қара ғана сатып алу қарастырылған. Сондықтан, несие алушыға тек ет бағытындағы ірі қара сатып алуы қажеттігі жөнінде талап қойылады. Ал өзге малдарды сатып алу бұл бағдарлама шеңберіне кірмейді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алушылар ірі қара мал аналықтарын тауарлы мал ретінде, ал бұқаны асыл тұқымды мал ретінде сатып алуы қажет. Бұл – бағдарламаның негізгі шарттарының бірі.

Етке арналған тауарлық ірі қара мал табынындағы селекциялық-тұқымдық жұмыстың көпшілікке арналған ақпараттық sybaga.kz ресурсының мәліметіне қарағанда республика бойынша осы 2016 жылы төлдейтін мал мен ет өніміне арналған өгіздер үшін 5102 шаруашылыққа субсидия берілген. Олардың ішінде 689 шаруашылықпен Батыс Қазақстан облысы ең көп субсидия алса, Жамбыл облысында 4 қана шаруалық субсидия ала алған. Ал Маңыстау облысының бір де бір шаруалығы субсидия алмаған.

Субсидия алу бойынша әр өңірдің пайыздық көрсеткіші әртүрлі. Оған мал өсіруге қолайлы жер мен климат әсер етеді. Алайда, көп жағдайда азаматтардың кәсіпкерлікті бастау туралы білімдері болмай, қай бағытта қандай кәсіп ашу керек екеніне шешім қабылдай алмай жатады. Мал шаруашылығымен айналысу – өңірдегі тұрғынның жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсер етеді. Сондықтан да ауылдық жерде еңбек етемін деген азаматтарға қазақтың генінде сақталған еңбекқорлықты оятып, нарық заманына сай оқу-біліммен сусындап, жаңа кәсіпкерлік қырды ашуға тура келеді. Осы ретте «Атамекен» ҰКП құқықтық қорғау, заңдық кеңес беру қызметіне жүгініп, аймақтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына хабарласып, кеңес алған артық етпейді. Ұлттық палата өңірдегі ағайынның ақпарат алуы оңай болсын деген тілекпен еліміздің барлық қалаларынан 59-79-60 нөміріне қоңырау шалу тетігін іске қосқан. Алматы қаласы тұрғындары 259-79-60 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ, Қазақстанның кез келген аймағынан ұялы байланыс қызметі мен стационарлы телефон арқылы 8-800-080-80-10 нөміріне тегін қоңырау шалып, сауалдарыңызға жауап ала аласыздар.

«Сыбағадан» сыбаға аламын деп талпынған жұрт отандық мал шаруашылығының дамуына, ет өнімдері санының артуына үлес қосып қана қоймай, болашақта импорттық көрсеткішті азайтып, экспортқа шығаруға қор дайындауға айтарлықтай еңбек сіңірері анық.

Қарлыға ТЕЛМАН


Еншілес ұйымдар

Серіктестер